Елордада қар суы жеке үйлерді басып жатыр

Елордада Әнуар Әлімжанов көшесіндегі кейбір жеке тұрғын үйлер қар суының құрсауында қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар қыс бойы қар небәрі 2 мәрте тазартылғанын айтады. Салдарынан аққан су үйлердің іргетасын тоздырған. Көшеде су сорғылау қызметін көрмегелі көп болды дейді жұрт.

«Көктем келсе, осылай» дейді Лариса Шупило. Оның айтуынша, қар алғаш ери бастаған кезде су арықпен аққан. Алайда ара-тұра күн суып, мұз қатқанда суағарлар бітелген. Қатқақ уақтылы ойылмапты. Салдарынан үй ауласы көлге айналды.

Лариса Шупило, қала тұрғыны:

–Ауладағы барлық нысан пайдаға жарамай қалды. Бірінші моншамыз істен шықты. Енді міне, су үйімізге кірді. Дымқыл іргетас арқылы өтіп, еден астына жетті.

Барлық мәселе көше Байқоңыр ауданына өткелі басталды. Содан бері су сорғылау қызметі де сирек келген. Ал бұрын Алматы ауданына қарап тұрған кезде мұндай проблема болмайтын дейді Лариса.

Іргетас сөгіле бастаған соң қабырғалар жарылды. Мұндай үйде тұру қауіпті. Кез келген сәтте опырылып қалуы мүмкін. Ларисаның проблемасы көршілеріне де ортақ.

Бақберсін Ноғайбаев, қала тұрғыны:

– Осы көшеде тұрамыз. Бәрімізде сол бір проблема. Су үйде жиналады. Суды қашан тартсаң да, бәрібір келе береді. Соған байланысты бізде өтініш. Канализацияны тарту керек бізге. Газды сұрап едік. Канализация сұрағын шешу керек. Әйтпесе көше жазда сасып кетеді. Бәрі төгеді. Бір арық бар. Соған бәрі төге береді.

Ал Байқоңыр ауданы әкімдігінің өкілдері су тасқынының алдын алу шаралары уақытымен қолға алынғанын айтады. Аудан бойынша 8 учаске қауіпті деп танылған.

Диас Сүгембаев, Байқоңыр ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы:

– 20 қаңтардан бастап жеке тұрғын үй секторынан қар мен мұз қалдықтарын шығару жұмыстары күнделікті жүргізіліп жатыр. Оған шамамен 140 арнайы техника мен 300-ден астам қызметкер жұмылдырылды. Су сорғылайтын 30 көлік те бар.

Алайда мұның бәрі ауданды шалшық судан дер кезінде тазартып отыруға жеткіліксіз дейді маман. Қазіргі уақытта арықтың басым бөлігі ашылған. Ал полигондарға 600 мың текше метр қар мен 50 мың текше метрден астам қар суы шығарылды. Жыл соңына дейін қаржы бөлінсе, Әлімжанов және Сырдария көшелерінің арықтары мен кәріз құбырларын жаңғырту көзделіп отыр.

Мирлан Алтынбек, Марат Диқанбаев