М.Бөлекбаев: Электр энергиясы тарифін өсіруге негіз жоқ

Электр энергиясы тарифтерін өсіруге негіз жоқ.

Елордалық тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамының мүшелері осылай дейді. Сарапшылар жүргізген зерттеуге сүйенсек, тарифті керісінше, 5 теңгеге азайтуға болады екен. Ол үшін электр энергиясын өндіретін кәсіпорындар мен тұтынушылар арасындағы делдал болып тұрған «Астанаэнергосбыт», «ЕРЦ» сынды компаниялардың қызметінен бас тартқан жөн. Елорда тұрғындары электр энергиясын өндірушілерден тікелей сатып алса, жылына 6 миллиард теңге үнемдей алады. 

Марат Бөлекбаев, Тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамының мүшесі:

- Энергетика министрлігі тарифті көтермеу керек еді. Біз бұл шешіммен келіспейміз. Қажет болса, барлық тарифтік сметаларды қайта қарап, қай жерде қате кеткенін анықтап беруге дайынбыз. Қоғамдық тыңдаулар кезінде осы мәселені көтерген болатынбыз. Алайда біздің сауалдарға ешкім жауап бере алмады.

Жақында ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Астана-ЕРЦ» компаниясында тексеріс жүргізіп, 1,5 миллиард теңге шығын келтірген заң бұзушылыққа жол берілгенін анықтады. Мамандардың айтуынша, мекеме бұл қаражатты тұтынушыларға қайтару керек.

Мадина Жатқанбаева, энергетика саласын зерттеуші:

- «Астана-ЕРЦ» компаниясына мемлекеттік аудит тексеріс жүргізді. Тексеріс барысында 1,5 миллиард теңге негізсіз шығындарды көріп отыр. Негізсіз шығындар «Астана-ЕРЦ» компаниясымен «АстанаЭнергоСбыт» арасында келісімшарттар болмаған. Болмаған себептен қазір олар осы 1,5 миллиард теңгені абоненттерінің алдына қайтарып беру керек. Бірақ ол қайтарып беру туралы еш халыққа жария етілмеген бұл ақпарат.