Өзбектер Арал түбін не үшін орманға айналдырып жатыр?

Өзбекстан Аралдың құрғап қалған табанына шөлге төзімді өсімдіктер отырғызып жатыр. Толығырақ тілшіміздің арнайы репортажында.

Өзбекстанды Арал мәселесі қатты алаңдатпады. Жойылып кетуге шақ қалған су айдынына көрші ағайын тек соңғы үш жылда мән бере бастады. Сөйтіп мұндағы экожүйені қалпына келтіру үшін өзбектер теңіздің құрғап қалған табанын орманға айналдыруды қолға алды. Ала тақиялылар 1 млн 200 мың гектар алқапқа қарабарақ, жыңғыл, сексеуіл секілді шөлге төзімді өсімдіктер отырғызған. Олар улы тұзды тозаң мен құмды өз маңына жинап, ауаға көтерілуіне тосқауыл қояды.

Зиновий Новицкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

– Теңіз түбіндегі шаң, тұз бен құмды азайту үшін оның табанына орман отырғызу қажет. Осылайша біз үш мәселені шешеміз: экологиялық, экономикалық һәм әлеуметтік. Өсімдіктер құм-тұздың көтерілуіне тоқсауыл болады. Қазір мұндағы шаң-тозаңның 60-70 проценті ұшып жатса, 6-7 жылдан кейін бұл процесс мүлдем тоқтайды.

 

ӨЗБЕКТЕР АРАЛ ТҮБІН ҚАЛАЙ ОРМАНҒА АЙНАЛДЫРМАҚ?

Өзбекстан Аралдың құрғап қалған табанын бірнеше әдіспен көгалдандырып жатыр.

Көрші ағайын өсімдіктердің тұқымдарын үш тәсілмен егеді. Соның бірі ұшақ арқылы.

Ұшақтан себілген сексеуілдің нәтижесі мынадай. Соңғы екі жылда 1 метрдей болып қалыпты биіктігі. Жалпықос қанатты көліктен сексеуіл тұқымын бас-аяғы 800 мыңнан астам алқапқа тастаған екен.

Сексеуіл мен жыңғыл отырғызудың енді бір амалы – тракторлар.

Руфат Назаров, орманшы:

– Менің егіп жатқаным – сексеуіл нәлі. Сіздің қолыңыздағы – жыңғыл. Бұлар – шөл өсімдіктері. Күніне орташа есеппен тегіс жерлерде 50-60 гектар егеміз.

Орманшылар өсімдіктерді қолмен де егіп жатыр. Биыл олар 400 мың гектар жерді орманға айналдыруы тиіс.

Тоқтамыс Шүкірбердиев, орманшы:

– Мына сексеуіл. Тамырын 20-25 см төменге көмуіміз керек. Мынау дөңгелек деп айтылады. Дөңгелекпен жерді ойып аламыз. Былай. Сөйтіп ішіне отырғызамыз. Қасынан былай қазылады. Не үшін дегенде, нәлдің тамыры толық отыруы керек. Тамырына ауа кірмеуі керек. Еш қиындығы жоқ. Осылай егіп кете береміз.

Аралдың экологиялық ахуалын жақсарту үшін біз де өзіміздің аз да болса үлесімізді қостық.

Күніне жер жақсы болса, 1 мың данаға дейін егіледі. Қаттылау болса, 460-500.

Жалпы соры шығып, құмы ұшқан жерді көгалдандыру көктегі күнді алудан қиын екенін мамандар жақсы біледі. Арал апатының салдарын жою үшін көрші ағайын былтырдың өзінде 700 мың гектар жерге өсімдікті көк кілемдей төсеп, теңіздің өлі табанындағы тіршілікті тірілтуге тырысып-ақ жүр.

Мына сексеуілдің биіктігі менің бойымнан асып тұр. Шамамен 3 метр болып қалар-ау. Бұл осы ағаштың жерсінуі өте жақсы дегенді айғақтаса керек-ті.

Зиновий Новицкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

– Кей жерлерде біздің өсімдіктің жерсінуі 70 процентке дейін барады. Ал кей жерлерде 50 процент. Бірақ орман шаруашылығында мынадай норматив бар. Жерсінуі 25 проценттен жоғары болса, онда ол орман дақылдары өсіп кете береді деген пайым бар.

 

ӨЗБЕКТЕР АРАЛ ТҮБІН НЕ ҮШІН ОРМАНҒА АЙНАЛДЫРЫП ЖАТЫР?

Шөлді даланы орманға айналдырудың мақсаты улы тұзды тозаң мен құмды ұстап тұру ғана емес. Іргедегі ағайын осылайша жайылым алқаптарын құруға ниетті. Сөйтіп осы жерде мал шаруашылығын қолға алуды жоспарлап отыр.

Зиновий Новицкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

– Жыңғылдың бірнеше міндеті бар. Ең әуелі ол шаң-тозаңның көтеруілін тоқтатады. Бұдан бөлек бұл – балды өсімдік. Бір ғана жыңғылдан 50 келі бал алуға болады. Сол себепті біз 10 мың гектар алқапқа осы өсімдікті отырғыздық. Шамамен бір-екі жылдан кейін бұл жерде омарта шаруашылығын дамытамыз.

Көршілер бұл жұмысты қазақстандық мамандармен бірлесе істеуді ұсынып отыр. Жел солтүстік жақтан соққан соң, «Қазақстан тарапындағы теңіздің де табанын жаппай көгалдандыру керек», – дейді мұндағылар. Сонда тұз, құм мен шаң Өзбекстанға қарай ұшпайтын көрінеді.

Зиновий Новицкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

– Бұл жұмысқа қазақстандық орманшылардың белсене араласуын қалаймыз. Мен теңіздің құрғап қалған табанын игеру бойынша бірлескен жүйе құруды ұсынамын. Бүгінде біз бұл мәселені Өзбекстанда шешіп жүргенмен, жел Қазақстан жағынан соғады. Ал егер көрші елдің мамандары да Арал түбін өз тарапынан көгалдандыра бастаса, онда біз 5-7 жылдан кейін бұл жұмысты аяқтап тастауымыз бек мүмкін.

Авторы: Жасын Біркенов

Құрғап қалған Аралдың бүгінгі көрінісі

Арал маңында тұратын адамдар көшіп жатыр