429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО өзен-көлдерінде су деңгейі көтеріліп жатыр

  • 120
  • UPD: 19:49, 11.04.2021
СҚО өзен-көлдерінде су деңгейі көтеріліп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында Тоқсан би ауылының маңындағы Есіл өзенінде су деңгейі бір тәулікте 106 см дейін көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, өңірдің су қоймаларында мұз үстінен су кетіп, мұз жамылғысы бұзыла бастады.

Иманбұрлық, Ақанбұрлық, Мұқыр, Шарық, Қамысақты секілді шағын өзендерде су деңгейі күннен күнге көтеріліп келеді. Бір тәулікте 2 - 119 см дейін өзгерген. Мәселен, Ковыльное елді мекені маңындағы Ақанбұрлық өзеніндегі гидропостта су деңгейі 86 см көтерілген. Ал Андреевка елді мекені маңындағы Шарық өзенінде керісінше су деңгейі 129 см дейін түскен.

Есіл өзенінде де жағдай тұрақсыз. Бір тәулікте су деңгейі 2 - 106 см өзгерген. Тоқсан би ауылының маңындағы Есіл өзенінде су 106 см дейін көтерілген. Өзен алқаптардан аққан қар суымен толығып жатыр. Сергеев су қоймасында су көлемі 9 см артып, 718 см жетті. Қазір 87% толған. Ернеуінен асып төгілу үшін 82 см жетпейді. Корнеевка елді мекені маңындағы Үлкен Тораңғұл көліндегі гидропостта су деңгейі өзгеріссіз – 321 см аспаған. Мұз қалыңдығы 105 см шамасында.

Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері ауа температурасы жоғарылай береді. Яғни қар қарқынды еріп, өзен-көлдердің суы молаяды. Қазір СҚО-да өзен-көлдердің су деңгейі 19 гидропост арқылы бақылауға алынған. Олардың 16-сы Есіл өзені мен оның салаларында, екеуі Сергеев және Петропавл су қоймаларында, біреуі Үлкен Тораңғұл көлінде орналасқан.

Хабар 24 телеарнасы