Ақмола облысында биыл 500-ден астам адамға грант беру жоспарланып отыр

Ақмола облысында былтыр 872 адамға 466 млн теңгенің гранты берілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – кәсіп ашқысы келетіндерге бөлінетін мемлекеттің қайтарымсыз қаражаты. Ал, әр адамға ол шамамен 550 мың теңгеден үлестіріледі. Бұл қаржы кейбір жас кәсіпкерлердің бизнес бастап кетуіне сеп болса, тағы біреулер үшін кәсібін одан әрі дөңгелетуге едәуір көмек.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Ольга Бутенко – Запорожье ауылындағы жалғыз кәсіби шаштараз. 20 жылға жуық тәжірибесі бар маман, алғашында үйден қызмет көрсеткен. Кейіннен жергілікті мәдениет үйінде шағын бір бөлмеде еңбек етсе, қазір кабинеті орталықтағы сауда үйінде орналасқан. Ал, еңбекқор көп балалы ана былтыр кәсібін кеңейту үшін мемлекеттен 550 мың теңге грант алды.

Ольга Бутенко, жеке кәсіпкер:

- Мен ол ақшаға осы іске қажетті құрал-жабдықтардың бәрін сатып алдым. Шаштараз машинкасы, шаш кептіргіш, қайшы, тарақ бәрін жаңарттым. Бұрын бас жуатын арнайы қондырғы болмаған. Оны да алдым. Бөлмені дезинфекция жасайтын аппаратқа да қолымыз жетті.

Ал, көкшетаулық Жібек Әбдрахманова 2019 жылы тігін шеберханасын ашқан. Алайда, қажетті құрылғылар мен қондырғылар толық болмағандықтан, былтыр мемлекеттік грант алуға өтініш берген. Жобасы мақұлданған жас маман, жарты млн теңге қайтарымсыз қаражатқа ие болады. Сөйтіп, жарты жылдың ішінде бизнесін дамытуға мүмкіндік алды.

Жібек Әбдрахманова, жеке кәсіпкер:

- Бұған дейін біз екі адам ғана жұмыс істесек, қазір келушілерге 5 адам қызмет көрсетеді. Тапсырыс та көбейе бастады. Енді алдағы уақытта 3 млн теңгенің грантын ұтып алуды көздеп отырмыз. Оны алсақ, өндіріс көлемін арттырып, ірі тігін цехтарымен иық тірісе отырып, кәсіби деңгейде жұмыс істейміз.

Ал, сала мамандарының айтуынша, жеке кәсібін ашқысы келетін тағы 500-ден астам адамға биыл 300 млн теңгеден аса грант беру жоспарланып отыр. Айта кетейік, мемлекеттен алынған қайтарымсыз қаражаттың мақсатты жұмсалуын құзырлы органдар қадағалайды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко