Елордада еңбек ұжымдарын COVID-19-ға қарсы жаппай вакциналау жүріп жатыр

Елордадағы көшпелі бригадалар қаланың түрлі кәсіпорындары мен ірі ұйымдарының қызметкерлерін коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналауды жүргізіп жатыр.

КВИ вакцинасын алуға әртүрлі кәсіпорындардың еңбек ұжымдары ниет білдірді. Олардың арасында «Астана-АЭК» АҚ, Еуразия Ұлттық Университеті, «Астана Балет» театры, «Нұр-Әлем» павильонының қызметкерлері, құрылыс компаниялары, СОО, мемлекеттік органдар және т.б. бар, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

«Қазір өз қызметкерлерін коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялағысы келетін ұжымдар жиі жүгіне бастады. Ниет білдірушілердің тізіміне сәйкес сол жерде вакцинация жүргізу үшін МСАК ұйымдарының көшпелі бригадаларын жібереміз. Меншік иелерінің аумағында барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, егу пункттері ұйымдастырылған», – дейді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Оның айтуынша, әртүрлі кәсіпорындарда COVID-19 вакцинасын алғысы келетіндердің саны 1000 адамға жетеді.

«Ұжымды вакцинациямен қамту үшін кәсіпорында егу пункті ұйымдастырылды. Оны өткізу үшін бізге №5 қалалық емхананың медперсоналы келді. Пайдалану сенімділігі және қауіпсіздік техникасы қызметі жеке кабинет ұйымдастырып, тұрғындардың бір орынға жиылып қалуына жол бермеу үшін қатаң қабылдау кестесін әзірледі», – деп атап өтті «Астана-АЭК» АҚ.

Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша халықты вакцинациямен кеңінен қамту үшін егу пункттерінің жұмыс кестесі таңғы сағат 8-ден 12-ге дейін, «Mega Silk Way» СОО-да таңғы сағат 10-нан 22-ге дейін ұзартылды.

Жалпы, қалада КВИ-ға қарсы вакцинаны 40 мыңнан астам адам қабылдады.