Жітіқаралық зейнеткер қарапайым Волганы Кабриолетке айналдырды

Көненің көзіндей болған көлікті түрлендіру барысында өнертапқыш ескі бөлшектерді пайдаланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

70-ке келген қария бұл іске жас кезінен ден қоя бастаған. Айтуынша, раритетті көліктерді жан рахаты үшін құрастырады.

Юрис Мамедов жастайынан көлікке әуес. Өмір бойы жүргізуші болған. Зейнеткерге осы ГАЗ-2410 маркалы Волганы қайта тірілтіп, түрлендіруге бір жарым жыл уақыт кеткен. Автомобиль салонын итальяндық былғарымен қаптаған. Оның өзіне 700 мың теңге жұмсапты.

Юрис Мамедов, зейнеткер:

- Бұл көліктің барлық бөлшегі қолдан жасалған. Заманауи. Тек шамдары мен бампері өзінікі. Қуаты 150 аттың күшіне тең. Қозғалтқышы инжектор. Гидрокүшейткіш орнатылған. Артқы белдемі «Чайка», дискілері «Вольвоныкі». Бес сатылы берілісі қорабы бар.

Юрис Мамедов көліктің қаңқасынан бастап барлық бөлшегін өзі жинастырып келеді. Кейбірін ыңғайластырып жасағанымен көліктің түр-сипатына ешқандай өзгеріс енгізбеуге тырысқан.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- 1969 жылы шығарылған ГАЗ-21 осы. Бұл соңғы үшінші сериядағы көлік. Сол кезде зауыттарда мынадай ойқастап тұратын елік қою алынып тасталған. Дегенмен, өнертапқыш өз қалауымен сән үшін осыны орнатыпты. Темір тұлпардың бір шіріген жері жоқ. Оталуы оңай, жүрісі жеңіл.

Барлық көліктің құжаттары түгел. Шебер тұрақты түрде Қостанай, Лисаков қалаларында өтетін ретрокөліктер көрмесіне қатысып тұрады.

Юрис Мамедов, зейнеткер:

- 23 жасымда алғашқы көлігім осындай болған. 50 жасыма дейін тізгіндедім. Жаңа көліктерді онша ұнатпаймын. Ескілері өзіме қатты ыстық. Әрі өте сәнді көрінеді.

Қыруар ақша ұсынып, Волга көліктерін сатып алуға ниеттенгендер көп болған. Бірақ қарияның оларды сатпақ ойы жоқ. Техниканың тілін мейлінше меңгерген азаматтың тапқырлығын достары мен туған-туыстары мақтан тұтады.

Руслан Мамедов, Жітіқара қаласының тұрғыны:

- Әкеме дизайн бойынша көмектесемін. Жаңа идеялар ұсынудан жалықпаймын. Әрине, негізгі күрделі жұмысты өзі істейді. Қолынан келмейтіні жоқ.

Жаңалыққа жаны құмар зейнеткер енді 412-ші модельді Москвичті жаңғыртпақ. Қазір барлық бөлшегі сақадай сай тұр. Тек салонын дұрыстау ғана қалған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров