Біржан сал ауданындағы тас жол 20 жылға жуық жөндеу көрмеген

Ақмола облысы Біржан сал ауданындағы 600 шақырым жолдардың жартысынан астамы әбден тозған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аудан аумағынан өтетін республикалық тас жолдар болмаса, облыстық және аудандық жолдардың сапасы сын көтермейді. Кей учаскелерде,асфальт деген атымен жоқ.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Жергілікті тұрғындардың сөзінше, бұл жол 20 жылға жуық жөндеу көрмеген. «Темір тұлпар үшін тиісті салық төлейміз, бірақ сапалы жолға жарымай қойдық», - деп налиды жүргізушілер. Ал, шұрық-тесік жолмен күнделікті жүретін жеңіл көлікті жылына бірнеше рет жөндеуге тура келеді.

Ақылбек Тәшімов, аудан тұрғыны:

- Жол жаман өздерің көріп тұрсыңдар. Жүре алмайсың. Не легковой жүре алмайды. Істеу керек. Жедел жәрдем келмейді. Біз өздеріміз апарамыз.

Стенняк – Кеңащы тасжолымен бірнеше ауылдың көліктері қатынайды. Жол бойындағы елдімекендерде мыңдаған тұрғын бар. Олардың талай жылдан бері тартқан азабы осы. Аудан халқы бұл мәселені көтеріп те жүр. Бірақ еш нәтиже жоқ. Жұртшылық әлеуметтік желіде де жолдың жырын атып, жанайқайын жеткізуде.

Жол өте жаман болған соң ба екен, бұл арада көлік қатынасы да сиреген.

Дамир Берікұлы, тілші:

- «Жолдардың осыншама бұзылуына жүк көліктері де сеп болып отыр», - дейді, тұрғындар. Өйткені іргеде цемент зауыты бар. Міне, содан шыққан 60-70 тонналық техникалар жолдың тас-талқанын шығаруда. Ал, олар өздерінің заң бұзып отырғанын білсе керек, жүкті тек түнде таситын көрінеді. Сондықтан біз оларды көре алмадық. Бірақ қалдырған іздері ап-анық көрініп жатыр.

Жолдың жайын білмекке аудандық әкімдікке бардық. Мұндағылар да мәселенің күрделі екенін мойындап отыр. Дегенмен, биыл Кеңащы халқына сүйінші жаңалық бар екенін жеткізді. Айтуынша, 2 млрд теңге бөлініп те қойған.

Кәрібай Шәймерденов, Біржан Сал ауданы әкімінің орынбасары:

- Биыл міне, облыс жолдарына құжаттарын дайындап, ақша бөлініп, ремонттарын бастайын деп жатыр. Ол Щучье – Степняк – Кеңащы күрделі жөндеуден өтеді. Кеңащы – Еңбекшілдер орташа жөндеуден өтеді. Енді одан басқа аудандық жолдардың ішінен құжаттарын биыл дайындаймыз. Бұл бізде Үлгі – Қызылұйым деген жол бар, Мақпал – Макинка деген жол бар, келесі жолы облыстан ақша бөлінсе, ол жолдарды да жөндеу басталады.

Бірнеше ауылдың бұрын асфальт төселмеген кіреберіс жолдарына келесі жылдан бастап құжат жасалады. Жергілікті билік бұл мәселе 2025 жылға дейін шешіледі деп отыр. Жалпы ұзындығы 300 шақырымнан асатын жол төселеді деп жоспарланған.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко