Ақмола облысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық қызды

Биыл Ақмола облысында егіс алқабы 80 мың гектарға ұлғаяды. Аймақ диқандары 5 млн гектарға жуық жерді игеріп, 4 жарым миллионына дәнді дақылдар егуді жоспарлап отыр. Қазір өңірде көктемгі дала жұмыстарына дайындық қызды. Мамыр айында тұқым себу науқаны басталады. 

Қар еріп, жердің кепкенін күткен диқандар, қазір егін салуға әзірленіп жатыр. Мәселен, Біржан сал ауданының Үлгі ауылындағы Нұргүл Қуатованың серіктестігі биыл 2 мың гектардан астам жерге бидай егеді. Күн райы дәл қазіргідей қолайлы болып тұрса, науқанды жылдағыдан сәл ерте бастауға ниетті. Тек техника үшін берілетін субсидия кешікпесе болғаны.

Нұргүл Қуатова, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Субсидияның бір бөлігі түсті де, қалғандары әлі түсе қойған жоқ. Көрші жігіттер де солай дейді. Әйтпесе келісім-шарт бәрі бар. Барлығымыз соған үміт артып отырмыз. Ақша кешікпей аударылады деп сенеміз. 

Жалпы Ақмола облысында егінмен айналысатын ірілі-ұсақты 5 мыңнан астам шаруашылық бар. Оларға биыл Үкіметтен 70 мың тонна арзандатылған дизель жанармайы бөлініпті. Оның алғашқы бөлігі диқандарға жеткізілді. Ал субсидияның қалғанын төлеу үшін бюджеттен қосымша қаржы сұратып жатырмыз - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері.

Еркеш Әленов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Ал енді тағы Үкімет тарапынан «Кең дала» программасы, «Еңбек» программасы бойынша көптеген қаржыландыру кредиттер беріліп жатыр. 18 млрд – «Кең дала» бағдарламасы бойынша, 17 млрд – қазіргі «Еңбек» бағдарламасы бойынша. Бүкіл осы егістік науқанына Үкімет көмек көрсетіп жатыр.

Ал тұқым себу науқанына 16 мыңнан аса техника атсалысады. Олардың 500-ден астамы жақында ғана сатып алынған өнімділігі жоғары су жаңа тұқым сепкіштер мен тракторлар, дейді сала мамандары. Ауа райы қолайлы болса, 9 мамыр мерекесінен кейін диқандар жаппай дән сіңіруге кіріспек. 

Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко