ШҚО-дағы Қатонқарағай ауданы туризмнің жаңа бағытына ден қойды

Биыл алғаш рет жағажайда демалыс орны ашылады.

Пантымен емдеу орталығы және Рахман бұлақтарымен танымал өлке туристерге бұрын-соңды болмаған қызмет түрін көрсетуге әзірленіп жатыр. Ауданның туристік ерекшеліктері мен мүмкіндіктерінен хабар беретін ақпараттық орталық та ашылады.

Қатонқарағайдағы ең алғашқы жағажайдағы демалыс орны осы. Тың жобаға кәсіпкерлер 1 миллиард теңгеден астам қаражат жаратыпты. Айтуларынша, бұл жерде туристерге әлемдік стандартқа сай қызмет көрсетіледі.

Мұнда демалушылардың көңілінен шығу үшін барлық қам жасалған. Ең бастысы, осыған дейін Қатонқарағайға тек жазда ғана туристер ағылатын. Енді жыл он екі ай мүмкіндік бар.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Қатонқарағайда өзге тұрмақ, өзіміз білмейтін әдемі жерлер көп. Солардың бірі – біз тұрған жер. Байқап тұрғандарыңыздай, тау да бар, көл де бар. Тіпті туристер мұнда жыл бойы келе алады. Қыста шаңғы тепсе, жазда жағажай дайын.

Сөйтіп, жайдары жаздың ғана емес, қаһарлы қыстың да ғажабына куә боласыз. Осы бағыт арқылы табиғатымен танымал Қатонқарағайдың атын одан әрі қарай асқақтатсақ деген арманымыз бар дейді кәсіпті бастағандар.

Марат Сүлейменов, демалыс базасының директоры:

– Ауданды дамытсақ дейміз, өйткені қазақстандықтардың көпшілігі мұндағы керемет орындарды білмейді. Сондықтан Қатонқарағайды әлемге танымал еткіміз келеді. Түркиядан мамандар шақырып, сервистік қызметтің сапасын жоғарылатуға ден қойып жатырмыз.

Аккун Адалы Түркияның мейманхана саласында 30 жыл жұмыс істеп келеді. Оның айтуныша, әрбір келген турист бұл жерге қайта оралам деп кетсе, мақсаттың орындалғаны.

Аккун Адалы, менеджер:

– Егер жағажай нашар немесе демалатын жерде жиһаз жайсыз, күтім төмен болса, оны көрген адамның қайтадан оралуы екіталай. Сонымен қатар ұсынатын ас-су да басты рөл атқарады. Сондықтан бұл жерде жергілікті және шетелдік дәмнен ас мәзірі жасалады.

Өткен жылы Қатонқарағайға 12 мың турист келген. Демалушылар жыл сайын артып отыр. Сондықтан ауданда өлкенің туристік мүмкіндіктері жайлы толық мағлұмат беретін орталық ашу көзделген.

Жанар Сыдықова, Қатонқарағай ауданы әкімінің орынбасары:

– Міндетті түрде оны ашуымыз керек, өйткені осы ауданда қай жерде қандай орын бар, қай жерге баруға болады, маршруттары қандай, барлығы білмей жатады. Сондықтан толық ақпарат беру үшін туристік орталық қажет.

Тынығушылар тек Қатонқарағайға тән өнімдер мен кәдесыйларды да осы орталықтан табады.

Жалпы биыл ауданда бір емес, бірнеше демалыс орыны ашылып, сауықтыру орындары кеңейтілгелі отыр. Осылайша, туризм саласына бөлінген инвестиция көлемі осы жылы 2,5 миллиард теңгеден асып жығылады.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ...