Елордада тағы бір қоғамдық орын ашылады

Нұр-Сұлтанда тағы бір көпір асты алаңы абаттандырылады.

Қабанбай батыр даңғылында Есіл өзенінің жағалауындағы көпірдің астында (Самал шағын ауданы жағынан) көлеңкелі қалқалар, балалар алаңы, демалуға арналған аймақ, қойылымдар/концерттер мен шығармашылық эксперименттерге арналған импровизацияланған сахна, тамақтану орындары және т.б. ашу жоспарланып отыр, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.

«Қоғамдық кеңістіктерді (саябақтар, скверлер, бульварлар), аула аумақтарын абаттандыру жұмыстарын елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша жүргізудеміз. Өткен жылы елордада алғаш рет көпірлер астындағы орындар абаттандырылды. Бұл орындар жұртшылықты бірден өзіне баурап алды. Міне, биыл бұл жобамызды кеңейту туралы шешім қабылданды. Енді тағы бір көпірдің астында серуендеуге арналған орын ашылады. Осылайша, бір кездері бос жатқан аумақ тағы бір қоғамдық орынға айналады», – деді Нұрлан Ұранхаев.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы қалада екі көпір асты кеңістігі ашылған болатын. Олардың бірі Сарайшық көпірінің астында орналасқан. Бұл аумақ түрлі спортқа бөлініп, көше тренажерлері, әткеншектер, workout аймағы және т.б. орнатылды.

Екіншісі Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы көпірдің астында орналасқан. Онда стритбол алаңы, үстел теннисіне арналған аумақ және workout-аймақ орналасқан. Сондай-ақ жастардың өтініші бойынша скейт-аймақ ашылды.

Жаңа қоғамдық кеңістікті ашудың негізгі идеясы – спортпен айналысу үшін қолайлы атмосфера құру. Басымдық – бұқаралық спортты дамыту. Бұл көпірдің асты танымал отандық және шетелдік спортшылардың суреттерімен безендірілген. Мысалы, баскетболшы Әлжан Жармұхамедов, кәсіби теннисші Зарина Дияс, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин, баскетболшылар Джеймс Леброн, Коби Брайант және т.б.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және балаларға басымдық беру керектігін атап өтті. Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарының тұжырымдамасы аясында аулалар мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда. Мұнда басымдықтардың бірі серуендеу және спортпен шұғылдануға бөлінеді. Елорданың барлық аудандарында жұмыстар жүргізілуде.

Ақпарат көзі: Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі