Қызылордада апатты үйдің тұрғындары баспаналы болды

Осы күнге дейін ескі үйде тұрып келген тұрғындардың қуанышында шек жоқ. 

Айта кетерлігі, апатты тұрғын жай мәселесі мұнымен біткен жоқ. Жалпы облыс орталығындағы құлау қаупі бар үйлердегі тұрғындардың мәселесі қалай шешімін таппақ.

Қуықтай бір бөлме. Небәрі 15 шаршы метр. Іргесі сыз тартқан. Жылу құбырлары мүлдем жоқ. Ал әжетханасы далада орналасқан. Вилия Шернютенің бүгінге дейін күнелткен баспанасының сиқы осы. Өмірлік жары осыдан 5 жыл бұрын өмірден өтіпті. Ал жалғыз ұлы Мәскеуде тұрады екен. 45 мың теңге зейнетақысы коммуналдық шығындар мен азық-түлігіне әзер жетеді.

Бірлік мерекесінде Вилия Шернютеге екі бөлмелі жаңа пәтер табысталды. Үйі апатты деп танылғаннан кейін 1 жылдай пәтер кезегінде тұрыпты. Енді ол Сырдарияның сол жағалауынан бой көтерген жаңа мөлтек ауданның тұрғыны болды.

Вилия Шернюте, зейнеткер:

– Қуанышымда шек жоқ. Қатты толқып, не айтарымды білмей тұрмын. Бұрынғы пәтерім адам тұрғысыз күйде еді. Жаңа пәтерде жылу, су, жарық, газ бәрі бар. Іші жайлы екен. Алғыстан басқа айтарым жоқ.

Мерекеге орай Вилия сияқты апатты үйлерде тұрып келген 20 отбасы баспаналы болды. Дегенмен қалада әлі құлау қаупі туындаған 17 тұрғын үйде 234 отбасы тұрып жатыр.

Біржан Далабаев, ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және ТҮИ бөлімінің басшысы:

– 234 отбасының биыл 120 отбасына үй беретін болсақ, қалғанына келесі жылы, бұл санаттағы азаматтарға толық үй беріп бітіреміз деп отырмыз. Қазіргі таңдағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл берілетін үйлердің барлығы – арендалық. Яғни сатып алу құқығынсыз берілетін арендалық үйлер.

Биыл мың жарымдай қызылордалық қоныс тойын тойлайды дейді мамандар. Ал Қызылорда қаласында әртүрлі санаттағы 25 мыңдай адам пәтер кезегінде тұр екен.

Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхаммед Байділдаев