Қазақстандықтар Мәңгілік алау монументтеріне гүл шоқтарын қойып жатыр

Жеңіс күнінің бір нышаны – мәңгілік алау.

Коронавирусқа байланысты биыл да 9 мамырды халық топтасып атап өте алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен, тарихтан сыр шертетін ескерткіштерге барып, гүл қоятындар бар. Бұл да кешегі күні етігімен қан кешкен майдангерлерімізге деген құрмет.

Мәңгілік алау – өткен күннің белгісі. Бұл жерге әсіресе, Жеңіс күні келетіндер көп. Әркім майданда қан төккен атасын, әжесін яки әкесін, анасын еске алып, тағзым етеді.

Светлана Мухамадиева, қала тұрғыны:

- Бұл біздің отбасымызда үзілмейтін үрдіс. Аталарымыз соғысқа қатысқан. Ал, жолдасымның атасы Сталинград түбіндегі шайқаста қаза тапқан.

Сайран Бейсекенов, қала тұрғыны:

- Менің атам да, әжем де соғыс ардагері. Жеңіс күні біз үшін мәні зор мейрам.

Бұл – бас қаладағы Отан Ана монументі. Ескерткіш 20 жылдың бедерінде халықты бірлікке шақырып тұр. Отан Ананың қолындағы тостаған жұқа алтынмен апталған. 24 метрлік мемориал 63 тонналық таза қоладан құйылған.

Көлемі жағынан Қарағандыдағы мемориал да елордадағыдан кем түспейді. Мұндағы мәңгілік алау 46 жылдың ішінде бір-ақ рет өшкен. Оның өзі отты 2014 жылы жөндеу жұмыстары кезінде сөндіруге тура келген.

Олжас Шохатаев, тарихшы:

- Мұның құрылысы архитектор Қойшыбеков пен мүсінші Молдабаевтың жетекшілігімен жүргізілді. Ерекше идея. Аталған мүсіншілер елімізге кеңінен танымал. Айналасында 2 көгершін бейнеленген. Бұл – бейбітшіліктің белгісі. Одан соң монументті күзетіп тұрған солдаттарды көруге болады.

Ал, Шымкенттегі Даңқ мемориалы – ТМД аумағындағы ең үлкен ескерткіш. Оның аумағы 20 мың шаршы метр. Оңтүстік өңірден сұрапыл соғысқа аттанған 140 мыңнан астам жауынгердің есімі тасқа қашалып жазылған кешен Ұлы жеңістің 65 жылдығында ашылды. Оның қақ ортасына «Жұлдыз» ескерткіші орнатылған. Айналасындағы гранит қабырғаға облыстан шыққан Кеңес Одағының 51 батыры мен 8 Даңқ ордені иегерінің есімі жазылған.

Несібелі Мұсаева, жұмысшы:

- Өзінің жылтырататын жақпа майы бар. Бұл сұйықтықтар ұзақ уақыт сақталуына көмектеседі. Үлкен кісілеріміз, ата-бабаларының фамилиясы жазылған мұнда. Келіп, оқып, риза болып кетіп жатыр. Тазалығын көріп, риза болып, рақметін айтып жатқан адамдар көп.

Мәңгілік алау өшпеуі тиіс. Себебі, бұл от пен оқтың арасында болған майдангерлерден сыр шертеді.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Марк Брюшко, өңірдегі тілшілердің көмегімен