Арыс қаласының әкімі жасы келген 100-ге жауынгерді құттықтады

Түркістан облысының Арыс қаласында 9 мамыр мерекесі Тағзым алаңына гүл шоғын қойып, сұрапыл соғыста қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімімен басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Одан кейін ардагерлердің үйіне барып, құрмет көрсетілді. Сондай жанның бірі – биыл жасы жүзге келген Қасымбек Кенжебеков.

Қасымбек Кенжебековтің немерелері ғасыр жасаған атасын мақтан тұтады. Себебі олар кішкентай болса да, атасының қан майданда бүгінгі бейбіт өмір үшін соғысқанын біледі. Кенжебековтер әулеті үшін Жеңіс мерекесінің орны ерекше. 9 мамыр күні бұл шаңырақта ақ дастархан жайылып, ағайын-туыс ақсақалды құттықтай келеді. Қасында отырып, ойлы әңгімесін тыңдайды. Бүгін қарт майдангерді Арыс қаласының әкімі құттықтап келді.

Қасымбек ата соғыс басталғанда 20 жаста болған. Бірден әскер қатарына алынып, кеңестік қауіпсіздік қызметінің құрамында әскери борышын өтеген. Оған қасындағы серіктерімен бірге стратегиялық маңызды нысандарды қорғау жүктелген. Тіпті кейде ең жоғарғы әскери қолбасшыларды қорғау да тапсырылған.

Қасымбек Кенжебеков, соғыс ардагері:

- Мәскеуді қоршаудан құтқаруға арналған гарнизондық қызметті болдым. Қайда жібереді сонда бардым. 213-ші полкте болдым. Мәскеу көшесінде маршал Жуковтың оққағары болдым. Сосын батальон командирі болдым. Міне, осы менің баяндайтыным.

Екінші дүниежүзілік соғыс 1945 жылы аяқталғанымен Қасымбек қария елге үш жылдан кейін ғана оралған. Себебі кеңестік НКВД-ға соғыстан кейін елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін білікті мамандар ауадай қажет болды.

Майдангер аман-есен елге оралған соң туған жері Арыс қаласында теміржолшы болып жұмыс істеген. Отау құрып, 11 бала тәрбиелеп өсірді. Қазір 28 немере, 33 шөбересі бар.

Батырбек Кенжебеков, Қ. Кенжебековтің ұлы:

- Соғыс туралы көп нәрсе айтпайды. Бұлардың кезінде тәртіп сондай болған. Көрген-білген, қызмет туралы ештеңе жария болмау керек. Ешкімге айтылмау керек, сол күйі қалып кеткен. Кинода көріп жатамыз, темір жол көпірлері болады ғой, жарып жіберетін. Сондай жерде қарауылда, сосын соғысқа оқ-дәрі тасиды, қайтарда тұтқындарды алып келеді, сондай жұмыстарда болған.

Биыл Түркістан облысы бойынша Ұлы Жеңістің 76 жылдығын 28 соғыс ардагері қарсы алды. Мереке қарсаңында олардың әр қайсысына мемлекет тарапынан 1 млн теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы