Тайтөбедегі қоқыс мәселесі: атқамінерлер амалсыз сұхбат берді

Айтуларынша, әлгі аумаққа қоқыс төгуге ешкім рұқсат бермеген.

Әлдекімдер полигонды қолдан жасап алыпты. Олармен күресіп жатқанымызға 6 жылға жуықтады дейді аудандық әкімдік қызметкері. Әбден қажыдық деген шенділер мұндай проблеманың барын облыс басшылығына жеткізіпті. Енді әлгі аумақты толықтай жауып тастап, қоқыстан арылтқалы жатыр. Ол үшін 370 млн теңге керек екен. Соны облыстан сұратқан. Жақын уақытта бөлінсе, күзге дейін шашылып жатқан қоқыстарды жоқ қыламыз деп сендірді.

Валерий Асамбаев, Целиноград ауданы тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Бұл жаққа қаладан шығарылған қоқысты келіп төгеді. Шлагбаум қойып, жан-жағын қазып тастағанбыз. Соның өзінде ебін тауып, қалдықтарын қалдырып кетіп жатыр. Бұл – заңсыз полигон. Облыстан ақша бөлінсе, оны жауып тастаймыз. Қоқыстан тазартып, реттеп қоямыз. Кейін қалыпқа келтіріп алған соң, бұл маңайға ешкімді жолатпаудың амалын жасаймыз.