Он үш жылдан бері іздеуде жүрген алаяқ Мәскеуде ұсталды

Сарыағаш АПБ-нің жедел уәкілдер тобы 13 жылдан бері іздеуде жүрген алаяқты ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш АПБ-не 2008 жылы жергілікті тұрғын арызданып, өзінің танысы Өзбекстан елінен ірі мөлшерде ет алып келіп беремін деп сеніміне кіріп, 2,5 миллион теңгесін жымқырып кеткенін көрсеткен. Аталған жайтты полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, іздестіру жұмыстарын жүргізген. Алайда ақпарат көзінің жоқтығына байланысты қылмыскерді ұстау оңай соқпаған, оған іздеу жарияланған. Нәтижесінде жедел уәкілдер тобы күдікті азаматты ақпарат көздері арқылы Мәскеу қаласынан анықтап, бөлімге жеткізді.

Орта жастағы күдікті азамат 10 жыл бойы Ресей Федерациясында жұмыс жасап жүрген жергілікті тұрғын екені белгілі болды. Бүгінгі таңда айғақты зат ретінде күдіктіден ақша алынып, заңды иесіне қайтарылды. Ұсталған ер азамат қамауда. Қазіргі таңда күдікті азаматқа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.