Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 500 мың оқушы сауықтыру демалысына жіберіледі

Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 500 мыңнан астам оқушы 2021 жылы сауықтыру демалысына жіберіледі.

Осы жазда 13 мың балалар лагері мен демалыс ұйымдарының жұмысын ұйымдастыру жоспарланды. Қаражат жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен бөлінетін болады. Егер эпидемиологиялық жағдай нашарламаса, жазғы демалысқа 1 миллионнан астам оқушы бара алады, деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметі.

«Санитарлық нормалар қатаң сақталуы керек. Өңірлер тиісті жұмыс жүргізді, сауықтыру лагерьлері балаларды қабылдауға дайындалып жатыр. Өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай ескерілетін болады. Санитарлық дәрігерлермен бірге балалардың қауіпсіз демалуы қамтамасыз етілуі керек. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл мәселені бақылауға алуға тиіс», – деп тапсырды білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Жазғы кезеңде олимпиадалық резервтегі жазғы мектептер, тіл мектептері, дебат клубтары және түрлі дамыту үйірмелері жұмыс істейді.