Алматы облысында су тапшылығынан 2600 гектар жер игерілмей жатыр

Алматы облысындағы Басши ауылдық округінде 2600 гектар егістік жер игерілмей жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, су қоймасын жөндеу жұмыстары бітер емес. 2017 жылы сметалық құжаты бекітіліп, сол жылы жұмыс басталуға тиіс еді.

Алайда, тендер кезінде компаниялар арасында дау туған. Жөндеу жұмыстары былтыр әрең басталды. Бірақ көп ұзамай жарты жолда тоқтап қалған.

Құнарлы топырақ. Су тимегеніне бес алты жыл болды. Бұлай жата беретін болса, топырақ эрозияға ұшырайды.

Шаңы шығып жатқан егістік алқап Қайсар Бекмұқашұлына тиесілі. Шаруа бұл жерге өрік бағын отырғызбақ. Ол үшін тұқымбақтан көшеттерді де алып қойған. Енді егейін десе су жоқ.

Қайсар Бекмұқашұлы, ауыл тұрғыны:

- Жүз гектар жер толық игерілмей жатыр. Тәуекел деп егіп жіберсек, ертеңгі күні жаздыгүні су болмай қалса, бүкіл еккеніміз шығынға кетеді. Содан тәуекелге бара алмай отырмыз.

Тоспадан тартылған құбыр егістік алқапқа 500 метр жетпей тұр. Орта тұсы да жалғанбаған күйі ашық жатыр. Бөген басындағы жұмыстар да тоқтаған.

Арын Насыр, ауыл тұрғыны:

- Жұмыстың бәрі тоқтап тұр. Труба керек дейді. Халыққа су керек, екі-үш жыл болды егін екпедік.

Ұлпаш Сейсенқызы, ауыл тұрғыны:

-Алған бас мердігер қайда жүр, субмердігер қайда жүр. Бәрі тарап тарап кеткен. Міне, ақпанның соңынан бері күні бүгінге дейін жоқ. Бес-алты адам жұмыс істеп жүр. Оның не істеп жатқанын білмейміз.

Тендерді жеңіп алған компания өкілімен де тілдестік. Ол құрылысқа тағы бір мердігер мекемені жалдағанын айтты. Қос серіктестік осы уақытқа дейін тоспаның табанын тереңдетіп, маңайын тазалапты. Суағарын жасап құбыр тартқан. Айлайда бір жылда жұмыстың жартысы да аяқталмаған.

Евгений Шабля, мердігер мекеме өкілі:

- 30%-і жасалды. Материал күтіп отырмыз. Құбыр қалай келеді, солай жұмысты жалғастырамыз.

Мұрат Құрбанқұлов, ауыл тұрғыны:

-Басында ескі құбыр қалсын дедік. Оны тыңдамай, жаңасын саламыз деді. Оның да шекесін қыздырмады. 1,5 млрд бөлінді. Ойлаңыздаршы, 1,5 млрд-қа бір ауылды тік тұрғызу керек қой. Екі ауыл сусыз отыр. Үш жыл болды.

Құрылыстың созбалаңға салынып, кеш басталуына жобадағы кемшілік пен тендерге таласқан компаниялардың өзара дауы  себеп болыпты.

Медет Керімжанов, облыстық ауылшаруашылығы  басқармасының бөлім басшысы:

- 2017 жылы Иеңкөл және Аралтөбе су қоймаларына облыстық ақша бөлініп, конкурс ойнатылып, қорытындысына басқа мердігерлер келіспеуінен шағымданған. Қорытындылары күшін жойған. Ақша бюджетке қайтарылды. Ұтып алған мердігер суды ағызып, жұмыс бастаймыз деп келісімшартқа отырмағандықтан жұмыс басталмай, енді 2020 жылы сол жобаға түзету енгіздік. Жұмыстар бақылауда толығымен 2021 қараша айында аяқталады. Жұмыстың сапасында ешқандай кемшілік жоқ. Тек бір ай графиктен кешігуде. Оны мердігерлер қуып жетіп, бітіреміз деп отыр.

Нұрым және Ақтөбе ауылының тұрғындары егін егіп төрт түлікті өсірумен күнелтіп отыр. «Суармалы судың болмауынан мал шаруашылығы да зардап шекті», - дейді олар.

Бекжан Қармақбай, ауыл тұрғыны:

- Биыл үш ферманың өзінен 200-300 бас мал өлді. Азықтың жоқтығына байланысты, жем-шөптің жоқтығына байланысты малдың біразы қырылды.

Ақтөбе ауылында ауыз су жүйесін де жаңарту керек. 1980-жылдары тартылған құбырдың әбден тозығы жеткен. Тіршілік нәрінен тарыққан ауыл тұрғындары тоспаның сапалы салынып, бекітілген мерзімде бітуін талап етті. Жұмыс жанданбаса, жер емген қараша халық тағы да егін екпей күнкөріс көзінен қағыламыз ба деп уайымдап отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов