Тараз тұрғындары көпқабатты үйдің жөндеу жұмыстары сапасыз деп шағымданды

Олардың айтуынша, қабырғалары дұрыс сыланбаған.

Жылыту радиаторлары орнатылмай, желдету жүйесі де жасалмапты.

Тараздың екінші ықшамауданында орналасқан нөмірі бірінші үй қырық жыл бойы жөндеу көрмеген. Сол себепті тұрғындар өткен жылы шатырын ауыстыртып, подъезін сылатты. Жертөлені ретке келтіртіп, жарықтандыру жұмыстарын жүргізген. Бұл іске бастапқыда қуанғанымен қуанышымыз ұзаққа созылмады дейді үй иелері.  

Қуанышбек Балқыбеков, қала тұрғыны:

- Барлығын жасап келіпті де, желдету жүйесін жасамай кетіпті. Ол ең бірінші қауіпсіздік. Ол жерден газ шығу керек, таза ауа кіру керек. Біздің тұрғындардың ең бірінші талабы сол.

Айтбек Жабаев, қала тұрғыны:

- Шатырды толық жауып тастаған, біз қарсымыз. Үйдің сырты боялмаған, терезелер ауыстырылмаған. Қол қоймаймыз.   

Жөндеу жұмыстары «Нұрлы жер» бағдарламасымен 75 млн теңге несиеге жасалған. Қаражатты тұрғындар ай сайын үйінің көлеміне қарай қайтарып отырады. Мысалы, үш бөлмелі пәтер иесі төрт жарым мың теңге төлейді. Бұл мәселеге қатысты әкімдік өкілдері бізге ешкім келіп шағымданған жоқ дейді. Ал түсірілім барысында мердігер мекемеге 12 млн теңге аударылмағаны белгілі болды.

Бақтығали Жаңабаев, «Тұрғын үй жөндеу-Тараз» ЖШС директорының орынбасары:

- Сметаға сәйкес жұмыстардың барлығы толықтай орындалған. Қосымша жұмыстарды мердігер мекеме өз мойнына алып отыр. Ал қазір тұрғын үй жөндеу тарапынан мердігердің қаражатын төлеуге мүмкіндік болмай жатыр. Қаражаты төленгеннен кейін барып толығымен жұмыстарды аяқтайды. Кеткен кемшіліктердің барлығын мердігер толығымен аяқтап береді.

Қайрат Меклисов, мониторингтік топ өкілі:

- 2019 жылы бекітілген жобаға сәйкес 30 үйге жөндеу жасалды. Соның сегізінде олқылықтың орын алғаны белгілі болды. Ал 2020 жылы 80 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның 60-ын тексердік. Нәтижесінде 45 мердігерге құрылысты бүге шігесіне дейін жасау туралы ұсыныс берілді. Өз міндетін дұрыс орындамаған мердігер мекемелер айыппұл төлейді.

Мердігер мекеме өкілдері қосымша жүктелген міндетті маусымның біріне дейін бітіруі керек. Әрі тұрғындарға тегін жасалып беріледі.  Қаладағы құрылыс жұмыстарының сапасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жіті бақылауында. Енді олар өзге де көпқабатты үйлерді тексеріп шықпақ. 

Шыңғыс Қалиден, Анастасия Сулейманова

Сондай-ақ...