Маңғыстауда суға шомылу маусымы ресми түрде ашылды

Алайда аптап ыстыққа шыдамаған тұрғындар Каспийге шомылуды бастап та кеткен.

Әсіресе, тыйым салынған аумақтарда демалушылардың саны азаймай тұр. Жаз басталғалы бері екі адам суға кетті. Сондықтан халық көп шоғырланатын Ақтаудағы жағалауда қауіпсіздікті күшейту қолға алынды.

Күн ысыған шақта Каспийге шомылуға асығатындар көп. Ересектер су жағасында салқындап, күнге қыздырынса, балалар бос уақытын өткізеді. 14 жастағы Диас Русланов та бұл жерге достарымен келген. 4-шағынаудандағы жартасты соқпақ аумағында шомылуға тыйым салынғанына қарамастан емін-еркін жүр. Қауіпсіздік ережесін қаперіне де ілмеген. Тек мамандардың ескертуінен соң үйіне қайтты.

Диас Русланов, қала тұрғыны:

– Осы айда түсіп бастадым. Үшінші рет келуім. Су тап-таза, жып-жылы. Балалар да түседі. Қызықтым. Бұл жерде суға түсуге тыйым салынғанын бүгін ғана естідім. Сосын тыйым салынғасын, түспейтін болып жатырмын. Ата-анам ескертеді. Теңізге барма, терең дейді.

Тыйым салынған аумақтарда арнайы белгілер қойылып, құтқару жасағы ескерту жасаса да, тұрғындар оны елей бермейді. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың соңы қайғылы жағдайларға ұласып жатады дейді мамандар. Шомылу кезеңі басталмай жатып, 2 адам суға кеткен.

Бекболат Әбдіқадыров, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

– 2003 жылы туған жасөспірім бала мен Бейнеу ауданының тұрғыны. Ең бірінші себеп, шектелген жерлерге шомылу. Жыл сайын үгіт насихат өткіземіз. Ақтау қаласында 2 участок шектеулі. Ол Шора мен мынау. 5 жыл көлемінде 59 адам суға кетті, оның ішінде 13-і балалар.

Қаладан 10 шақырым қашықтықта орналасқан «Шора» каналы – қауіпті аумақтың бірі. Сондықтан 100 метр жерге қоршау қойылған. Мамандар соған қарамастан, балықшылардың жиі келетінін айтады. Тереңдігі 5 метр су арнасы олардың демалыс орнына айналған.

Бектас Мұратов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аға офицері:

– Қазір ауа райы ыстық, күн сайын балық аулаушылар өте көп болады. Ыстықтан суға түсіп, қайғылы оқиғаға ұшырайды. Соңғы 5 жылда осы жерде 7 адам қаза тапты.

Суда құтқару қызметіндегі 40 құтқарушының бәрі де кәсіби білікті мамандар. Бірақ олар теңіздің қауіпті жерлерін толық қамти алмайды. Сондықтан полиция департаменті суға шомылуға арналмаған орындарды бақылауға алмақ. Күз түскенше көк айдынды жағалайтын тұрғындар үшін  профилактикалық іс-шаралар мен рейдтер маусым соңына дейін жүргізілмек.

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев