Маңғыстау облысындағы Атамекен ауылында су жоқ

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы Атамекен елдімекенінің халқы су тапшылығынан зардап шегіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бау-бақша қурап, құдықтары құрғап қалған. Тұрғындар кезек күтіп, 4 текше метр суды 2200 теңгеге сатып алатындарын айтады. Аптап ыстыққа шыдамағандар жекеменшік су таситындардан 6 мың теңгеге алуға мәжбүр.

Бұл Атамекен ауылындағы ашынған тұрғындардың жан айқайы. Бір жыл бойы судың жоқтығынан әбден ығыры шыққан. Айдың күннің аманында тіршілік нәрін кезек күтіп сатып алатындарына ызалы. 5 көшедегі 70 шақты отбасының бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Сондықтан апталап сусыз отыратындар да бар. Бірақ бұған құлақ асар жан жоқ, дейді олар.

Мәдина Сахиқызы, Атамекен ауылының тұрғыны:

– Біздің баратын, жолығатын жеріміз жоқ, сосын сізді шақырдық. 21 ғасыр деп айта алмаймыз. Мына үйге 1 жылдан асты, әлі су жоқ. 2-ші көшеден 7-ші көшеге дейін су жоқ. Тұрғын алабында көп балалы аналар, мүгедектер өте көп. Оған бірі сатып ала алады, бірі сатып ала алмайды. Көршісі алып беріп отыр. 

7 баланың анасы Гауһар Матмұратованың құдығы кеуіп қалған. Құбырдан келетін су 1 жыл бұрын тоқтағанын айтады. 2018 жылы көршілерімен бірге коммуналдық мекемемен шартқа отырып, ай сайын ақшасын төлеп келіпті. 2 жыл бойы су кесте бойынша белгілі бір уақытта жіберілген. Бірақ былтырдан бастап тіршілік нәрі тоқтап, зарын тартып отыр. Жалғызбасты ана бала-шағасының аузынан жырып, апта сайын су сатып алу қиын, дейді. Ауласындағы талдар мен егіні де қурап қалған.

Бұл аулада бұрын бау-бақша жайқалып тұрған. Гауһар апай қызанақ, қияр, баялды өсіріп, үй ішін таза өніммен қамтамасыз еткен. Ал дәл қазір аула бос тұр. Су тапшылығынан жасыл-желек түгел қурап қалған. Сондықтан үй иесі ештеңе екпеген.

Гауһар Матмұратова, Атамекен ауылының тұрғыны:

– Жерде ештеңе егілмей қалды. Талдар қурап, бәрін жинап қойдық. Үлкен бала-шағамыз. Су өзімізге жетпейді. Былтыр 10 мың теңгеге құйдырдым. Биыл 2200-ге құйдырамыз. Ол келесі аптада келеді. 2200-дің өзі қиынға соғып тұр. Осы мәселені шешіп берсе екен дейміз.

Атамекен ауылының тұрғындары мәселені шешудің бір жолы Президентке жеткізу деп санайды. Әлеуметтік желіге жариялап, әкімдікке де хабарласқан. Алайда жауаптарына көңілдері толмаған. Сондықтан Мемлекет басшысына ашық хат жазып, қол жинап жатыр. Ал жергілікті билік су жетіспеушілігінің басты себебін аудан халқының өсуімен байланыстырады. Қазір 174 мыңнан аса тұрғынды сумен қамту үшін тәулігіне 30 мың текше метрден астам су қажет.

Ержан Күмісқалиев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары:

– Басты мәселе – су беретін «Каспий су тұщыту» зауытының су көлемінің аздығына байланысты. Қазіргі кезде зауытта күніне 20 мың өндіретін болса, бізге 12-13 мың беріледі. Толық шешу үшін 30 мың текше метр керек. Енді суды кестеге сай аптасына 1-2 рет береміз. Шеттегі үйлерге су бергенімен, су жетпей қалады. 20 тасымалдағыш көлікті де алып келдік. Қызылтөбе, Батыр ауылдарында жағдайы ұқсас. Жетіспеген жағдайда көлікпен беріледі.

Сонымен, Атамекен ауылы «Каспий» су тұщыту зауыты тәулігіне берген 2 мың текше метр суды қанағат етіп отыр. 4 мыңнан астам халқы бар елдімекенге бұл жеткіліксіз. Сондықтан ауылдағы Арай тұрғын үй алабына бөлек құбыр жүргізіліп, су арнайы резервуардан тікелей жіберілмек. Осы мақсатқа жергілікті биліктен 28 млн теңге бөлінген. Құрылыс-монтаждау жұмыстары бір аптаның ішінде аяқталмақ.

Автор: Айгерім Ашықбаева