Әскери техниканы жөндейтін орталық ашылды

Істен шыққан әскери техника өзімізде жөнделеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматыдағы қару-жарақ пен әскери техниканы сақтау және жөндеуге арналған базада соңғы үлгідегі «Қызмет көрсету орталығы» ашылды. Мұнда броньды танк немес зымыран-артиллериясындағы ақуды анықтап, жоюға болады.

Механик, электрик және қозғалтқыштың қыр-сырын меңгерген мамандар мұнда әдеттегіден өзгеше яғни әскери техникамен жұмыс істейді. Су жаңа заманауи құрылғылардың арқасында олар қару жарақ немесе техникадағы ақауды тез анықтап, жөндеуі қиын болғанның өзінде танкті 14-15 тәулікте қатарға қосады. Бұл уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бахтияр Алтыбаев, 73652 әскери бөлім Техникалық бақылау бөлімінің бастығы, майор:

– Келген әскери техникаларға және атап айтқанда жүру бөлігіне, трансмиссияға, қару жарақтарына, арнайы электрлік жабдықтарына, атуды басқару жүйесіне сапалық қызмет көрсетіп, тиесілі жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Мұндай жөндеу жұмыстарын білікті әскери қызметкерлер мен азаматтық персонал атқарады.

Әскери техникаға қызмет көрсететін цехтың аумағы 900 шаршы метр. Мұнда соңғы үлгідегі диагностикалық, көтеру, балқыту, және жөндеуге арналған құрылғылар қойылған. Қажетті жабдық Ресей, Германия және Қытайдан әкелінді.

Артём Зворыгин, 73652 әскери бөлім командирінің орынбасары:

– Мұнда жылына 20 броньды танкке күрделі және орта жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады. Тек ағымдағы жөндеу болса, жылына 40 танкке дейін техникалық қызмет көрсете алады.

Әскери техникаға қызмет көрсету орталығының жұмысына қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жоғары бағасын беріп, өзге өңірлерде де осындай цехты ашудың өзектілігіне тоқталды. Айтуынша, мұндай орталықтар әскери техниканың жағдайын жақсартып, тасымалдауға кететін шығынды азайтады.

Автор: Талғатбек Әбдіқожа