Қазақстанда 8 әуе компанияның қызметі тоқтатылды

Елде әуе көлігіндегі бақылау әлі де жетілдіріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов азаматтық авиацияны бақылау және қадағалау бағытында еуропалық тәсіл енгізілгенін айтты. Қазақстанның авиация әкімшілігі басшылығына тәуелсіз әрі объективті бақылауды қамтамасыз ететін тәжірибелі шетелдік мамандар тартылды. Авиакәсіпорындарды инспекциялық тексеру қорытындысы: 8 әуе компаниясының қызметі тоқтатылды. «Бек Эйрға» қатысты тергеу жұмыстары пандемияға байланысты ұзаққа созылып кеткен болатын. «Құзырлы органдар нақты шешім шығармайынша, тергеу барысы туралы пікір білдіру әлі ерте», – деді ведомство басшысы.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Елде 55 әуе компаниясы жұмыс істейді. Оның ішінде «Эйр Астана», Fly Arystan, «Скат», Qazaq Air, «Южное небо», «Жетісу Авиа», «Жезқазған Эйр» әуе компаниялары 75 заманауи авиалайнермен тұрақты тасымалдар орындайды. Аталған компаниялар 2031 жылға дейін 39 қазіргі заманғы әуе кемесін сатып алуды жоспарлап отыр.