Алматы облысында балық аулау маусымы ашылды

Балықтың уылдырық шашатын мезгіліне орай 15 сәуірде жабылған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір жарым айға созылған шектеу үлкенді-кішілі өзен-көлдердегі балық қорын сақтау үшін қажет. Жазғы маусым ашылысымен тұрғындар суға қармақ сала бастады.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Көптеген әуесқой балықшылар өзен жағасына әсем табиғат аясында демалып, ми сергіту үшін келеді. Бірақ оның да өз заңдылықтары мен ережелері бар. Уылдырық шашатын кезде балық аулауға болмайды. Маусым айынан бастап Алматы облысындағы барлық өзен-көлдерге қармақ салуға рұқсат берілді.

Балық аулау біреу үшін күнкөріс қамы болса, адамдардың енді бір тобы оған жай ғана ермек деп қарайды. Жұмыстан қолы қалт еткенде өзен жағалағайтындардың дені әуесқой балықшылар. Бұл ермек түрінің де адамды еліктіріп, маусым ашылған бетте өзен-көлдердің жағасына дедектетіп ала жөнелетін өзіндік бір сиқыры бар. Талдықорған қаласының іргесіндегі Үйтас саяжай аумағының тұрғыны Алексей Попов жұмыстан шыққан бойда інісін ертіп, Қаратал жағалауын бетке алыпты.

Алексей Попов, әуесқой балықшы:

- Жазғы маусымының ашылуын біз көптен күттік. Тұрғындарға айтарым – балық аулап болған соң жағалауда қоқыс қалдырмау керек. Табиғатты ластау – әуесқой балықшылар мәдениетіне мүлдем жат құбылыс. Қараталдың жоғарғы сағасында негізінен аған балығы мен итбалықтарды аулауға болады. Ханбалық, яғни, форель түссе, оны суға жіберуге тура келеді. Өйткені ол Қызыл кітапта.

Талдықорғандық Санат Бекмұханбетов балық аулауға арналған құрал-саймандарды сатумен айналысады. Кәсіпкер әрі әуесқой балықшы ретінде ол өз дүкенінде браконьерлік жабдықтарды сауда-саттықа шығармайтынын айтты.

Санат Бекмұханбетов, әуесқой балықшы:

- Мен мысалы қарсымын сеткамен ұстағанға да. Тоқпен соққан деген ана суда не бар, соның бәрін құртады деген сөз ғой. Түсінігі бар адам ондай жасауға болмайды, жасамайды да. Мысалы өзіміз тек қармақпен ғана ұстаймыз.

Балықты қармақпен ұстаудың да өз тәртібі мен ережесі бар. Тәжірибелі балықшы оған міндетті түрде бағынады. Өйткені заңды бұзудың соңы жақсылыққа апармайды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейсіз. Ал өрескел заңбұзушылыққа жол берсеңіз, үстіңізден қылмыстық іс қозғалып, темір тордың ар жағынан бірақ шығуыңыз да мүмкін.

Санат Бекмұханбетов, әуесқой балықшы:

- Әуесқойларға мысалы қармақпен ғана аулауға болады. Адам басына, мысалы бір адамға 5 қармақ қана болу керек. Уылдырық шашатын уақыты бітті қазір, мысалы адамның басына әуесқойларға 5 келіден артық ұстауға болмайды.

Балқаш – Алакөл бассейнінде жазғы маусым ашылғанымен, елімізде жыл он екі ай бойы балық аулаға тыйым салынған Арыс, Келес сияқты өзендер бар екенін естеріңізге сала кетейік. Сырдария мен Кіші Арал және Шардара су қоймасында жазғы балық аулау маусымы сәл кейінірек ашылады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев