Қызылқоға ауданында балық қырылып қалды

Атырау облысы Қызылқоға ауданының Сағыз ауылынан 2 шақырым жерде балық қырылып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ноғайты өзенінің Сағыз өзеніне құяр тұсындағы 100 метр жерде су тартылып кеткен. Салдарынан 150 келідей қызылқанат балықтың шабақтары қырылған. Жауаптылар өлген шабақтарды жинап, көміпті. Судан алынған сынама зертханаға жіберілген. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, Ноғайты өзеніне тұрғындар қойларын тоғытатын көрінеді. Балықтың қырылуы да содан болуы мүмкін.

Жәнібек Тұрдағалиев, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары:

- Балықтардың өлуінің бір себебі, осы малдан бөлінген зәрлердің, әртүрлі иістердің салдарынан судағы оттегі азайып, өліміне себепші болуы мүмкін деген пікір айтылды. Балықтардың нақты өлу себебі, жаңағы сынамалар анықталғаннан кейін белгілі болады. Жалпы алдын ала пікір бойынша осындай тоқтамға келіп, сол жерде акт жасалды.