Мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі: 2025 жылға дейін арнайы заң қабылданады

Мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі ұлттық жоспар аясында реттеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, 2025 жылға дейін арнайы заң қабылданып, жәрдемақыларды арттыру, күтушілерді қолдау және емге қажетті шығындарды өтеу сияқты жағдайлар бір жолға қойылмақ. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлімдеді. Арнайы брифинг барысында журналистер кембағал жандардың жанайқайын жеткізіп, өткір сауалдарды қойды. Министр барлығы бір күнде шешілмейтінін, барлығы жоспарға сай жүзеге асатынын алға тартты. Оның айтуынша, тиісті заң жобасы кеше ғана Парламент Мәжілісінде қолдау тауып, Сенатқа жіберілді.

Серік Шәпкенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Бұл заңда мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау үшін бірқатар өзгерістер енгізіліп жатыр. Соның бірі – I топтағы мүгедектігі бар азаматқа сырқатының түріне қарамастан күтуші үшін ақы төлеуді енгізу. Екіншісі – 7-16 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды мүгедектік бойынша топтарға бөлу. Топтарға бөлу кезінде санат бойынша олардың жәрдемақылары өсетін болады.