Маңғыстауда көкөніс бағасы шарықтап тұр

Маңғыстауда көкөніс қымбаттады.

Картоптың килосы 300 теңгеге, сәбіз 400 теңгеге сатылуда. Пияз бағасы 18%-ке, ал қырыққабат 13%-ке өскен. Шенеуніктер бағаның күрт көтерілуін маусымдық қымбаттаумен байланыстырып отыр. Былтырғы өнімдер азайып, жаңасы әлі жете қоймаған.

Айта кетейік, Маңғыстауға негізгі азық-түліктің 85%-і басқа аймақтардан тасымалданады. Сондықтан бұл бағаға айтарлықтай әсерін тигізіп отыр. Аталған жағдай бойынша қазіргі кезде мониторингтік топ құрылған. Олар күн сайын сауда нүктелеріндегі бағаға бақылау жүргізуде.

Бибігүл Маңғолова, қала тұрғыны:

– Сәбізді соңғы рет 430-дан, картопты 330-дан алдым. Сары базарларда одан қымбат.

Тілеген Едігеев, қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы:

– Бағаны өсірмеу мақсатында және супермаркеттерге жеткізетін базар өкілдерімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қала тұрғындары үшін қолжетімді бағада 26 шағын аудан «Қасиет» медициналық орталығының алдында әр аптаның сенбі және мереке күндері жәрмеңке өткізеді.