Алматыда сотталған балалар аттестат алды

Алматыда сотталған балалар аттестат алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Орта мектепті бітіріп, аттестат алу – жасөспірімдер үшін үлкен өмір жолының жауапты кезеңі. Маусым айында еліміздің барлық мектеп бітірушілері мемлекеттік емтихан тапсырып, қолдарына аттестат алады. Мұндай қуанышты күн бүгін Алматы қаласындағы ЛА-155/6 түзеу мекемесіндегі жазалы жасөспірімдер арасында да салтанатты жағдайда өтті. Мекеме жанындағы №3 жалпы білім беру мектебінде 39 бала білім алады, оның ішінде 23-і қазақ бөлімінде, 16-сы орыс бөлімінде оқыды. Сотталғандардың ішінде 13 бала мемлекеттік үлгідегі жалпы орта білім туралы, 12 жасөспірім негізгі орта білім туралы аттестат алып, қуанышқа бөленді. Білім алушылар ауыр қылмыс жасап, темір қоршауда жүргенмен, олардың аттестарында бұл туралы ешқандай мәлімет болмайды. Оқу жылының соңында тоғыз сыныпты бітірушілер үш пән бойынша, 11 сыныпты бітірушілер төрт пән бойынша мемлекеттік емтихан тапсырды. Емтихан қорытындысы бойынша бес алғандар болмағанмен, жеті оқушы барлық емтихандарды төртке тапсырды.

Алматы қаласындағы аталған балалар колониясында қылмыс жасап, сотталған балалар жазасын өтейді. Республика бойынша жалғыз балалар колониясындағы жасөспірімдердің орта біліммен қатар, кәсіби білім алуларына да барлық жағдай жасалған. Жазалы болса да жақсы кәсіп иесі атанғандардың бірі – Бауыржан. Ол аталған мекемеде 2019 жылдың наурыз айынан бастап жазасын өтеп жүр. Осы уақыт ішінде кәсіби мектепте оқып, ағаш шебері және темір жонушы мамандығын игеріп алды. Сондай-ақ «Халықаралық әлеуметтік жобалар ассоциациясы» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Нан өндірісі» курсын да тәмамдап, арнайы сертификатқа ие болды. Бұл мамандықтар оның «бостандыққа шыққан соң ата-анам мен бауырларыма материалдық жағынан көмектесемін» деген мақсатына жетудің алғашқы баспалдағы болатыны сөзсіз.

Көп балалы отбасында тәрбиеленген Бауыржан электрик мамандығын да игеріп жүр. Еркіндікте бос жүрмеу үшін бүгінгі күннің сұранысына ие кәсіптерді игеруге бел буған жасөспірім болашақта арманының жүзеге асатынына сенімді. Сотталған Николай да мекемеге 2019 жылдың наурызында келген. Оның арманы – орманшы болу. Табиғатты жанындай жақсы көретін жазалы Николай өзі игерген ағаш шебері мен темір жонушы мамандығы арманын жүзеге асыруға көмектеседі деп сенеді. Жазалы балалардың білімдерін ары қарай жалғастыруларына да мүмкіндік мол. Олар жазғы демалыс кезінде әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті ұйымдастырған «Менеджмент» курсында онлайн түрде оқитын болады. Оқушылардың мектеп бітіруіне арналған салтанатты кеш кезінде аспанға түрлі-түсті шарлар ұшырылды. Балалардың өздері темір торлы қоршауда жүрсе де, олардың асқақ армандары жазылған шарлар еш кедергісіз аспан әлеміне жол тартты.