Қарағандыда ұлттық санаққа дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр

Қарағанды қаласында ұлттық санаққа әзірлік жұмыстары қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір статистика департаменті келісімшарт негізінде алған 500-ге жуық интервьюер 6 мыңға жуық нысанның жартысынан көбін аралап үлгерген. Енді бұл ақпарат тиісті дерекқорға енгізіліп, 1 қыркүйек күні санақ басталған кезде пайдаланылады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Күнсұлу Әбдіғалиева облыстық статистика департаментімен уақытша келісімшарт жасасып, интервьюер ретінде қызмет етіп жүр. Өзі сияқты тағы 500-ге жуық маман қазір өңірдегі барлық деректерді жаңарту бойынша әр нысанды жеке-жеке аралайды. Мақсат қыркүйек айында болатын санақ кезінде бір азаматты болсын назардан тыс қалдырмау.

Күнсұлу Әбдіғалиева, қала тұрғыны:

- 1200 объекті бар. Соның 55%-ін орындадым. Күніне мен 40-60 обьектіні аралап шығамын. Онда келгенде жер үй болсын, пәтер үй болсын қанша адам тұрады соны аламын, сосын үй кімге тиесілі, яғни аты-жөні соны жазамын.

Биыл санақты өткізу процесі автоматтандырылған. Бұрынғыдай қаншама парақты толтырып қажет емес. Мамандардың қолындағы планшетке ЖСН енгізсе жеткілікті. Сауалнамада 87 сұрақ бар. Оны ел тұрғындары Sanaq.gov.kz сайтына кіріп, онлайн толтырса да болады. Олар елдегі экономика, медицина, білім саласының барлығын қамтиды.

Сәуле Комутова, Ұлттық статистика бюросы облыстық департаменті басшысының орынбасары:

- Біз уақытша жұмысқа алған персоналдардың барлығы білімін жетілдіреді. Кейін олар планшетпен және ондағы бағдарламаны білуі тиіс. Ондағы ақпараттық барлығы ортақ дерекқорға жүктеліп отырады. Адамдарды жұмысқа алған кезде халықпен жұмыс істеу ерекшелігін, онда не бір қиындықтар туындауы мүмкін екені ескертіліп отырады.

Еске салсақ, ұлттық халық санағы 1 қыркүйекте басталады. Халықаралық стандарт бойынша ол әр 10 жыл сайын өткізіледі. Елдегі соңғы науқан 2009 жылы өткен. Кейін 2019 жылы өтуі тиіс еді. Алайда санақ 2020 жылға белгіленіп, кейін пандемия салдарынан тек биыл өткізудің орайы келіп отыр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев