Атырауда мұнай өндіру көлемі ұлғаяды

2025 жылдан бастап облыста жылына 60 млн тонна қара алтын өндіріледі.

Мұнай-газ химиясын дамыту мақсатында арнаулы экономикалық аймақ аумағында құны 6,1 трлн теңгеге тең 4 жаңа жоба жүзеге асырылады.

АТЫРАУДАҒЫ ӨЗЕНДЕР АРНАСЫНА ТОЛА МА?

Өңірдегі өзекті проблемаларға Жайық, Ойыл, Жем және Сағыз өзендерінің тартылып қалу қаупін де қосуға болады.

Махамбет Досмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:

– Мұғалжардан ағатын Ойылда, Жемде алдыңғы жылдары су азайып, соңғы 2 жылдай ақпай қалды. Ол мәселені біз Ақтөбе облысының басшыларымен хабарласып, биыл екінші рет арнайы топ жүріп, құятын өзендердің жағдайымен танысып, иесіз тұрған бөгеттерді анықтап, реттеу жағын қарастырып жатыр.

КАРТОП БАҒАСЫ ТҰРАҚТАЙ МА?

Атырау облысында азық-түлік құны республика бойынша ең жоғарғы орында тұр. Осыған байланысты жуырда көпбалалы аналар көшеге шығып, наразылығын білдірген. Әкімнің айтуынша, қазір аймақта картоп келісін 310 теңгеге сатып жатыр. Алайда өңірдегі тілшілердің ақпаратына сүйенсек, Атыраудағы баға саясаты әлі тұрақталмады. Өйткені супермаркеттерде картоп келісі 400 теңге.

Махамбет Досмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:

– Картоп мен сәбіз бағасы апта сайын бірте-бірте төмендей береді деп күтеміз. Күз айларында тұрақтандыру қорында 360 тонна картоп болған. Сәуір айына дейін бағаны өсірмей ұстап тұрдық. Қазіргі қымбатшылық бұл маусымаралық құбылыс. Өкінішке қарай, табиғи климаттық жағдайларға байланысты өңір өзін жергілікті өніммен толық қамтамасыз ете алмайды. Мәселен, Атырау базарларындағы жергілікті картоптың үлесі небәрі 44. Қалғаны сырттан әкелінеді.

АТЫРАУДА ВАКЦИНАЛАУ НЕГЕ БАЯУ ЖҮРІП ЖАТЫР?

Атырау облысында шамамен 28 мың азамат вакцинаның екі компонентін алған. Бұл – өңір халқының небәрі 4 проценті. Вакциналау көрсеткіші бойынша аймақ көш соңындағылардың қатарында тұр. Ал бірінші компонентті 70 мыңға жуық атыраулық салдырған. Аймақта 41 екпе пункті ашылған.

Махамбет Досмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:

– Біз ары қарай осы жұмысты жалғастырамыз. 41 екпе пункті деген тек орталықты емес, бүкіл облысты қамтиды. 10 шақтысы жылжымалы пункттер. Шалғай ауылдарға да, қашықтағы өндіріс орындарына да жеткізіп бере аламыз. Өз жерлестерімді вакцина алуға және сол шараға атсалысуға шақырамын.

Авторы: Мирлан Алтынбек