Қарағандыда әйелдер арасында арнайы тренинг-семинарлар өтіп жатыр

Қазіргі заманда мұсылман әйел қандай болуы керек, олардың қоғамдағы орны қандай? Осы сауалдың жауабын табу мақсатында, Қарағандыда әйелдер арасында арнайы тренинг-семинарлар өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Білікті дінтанушылар және психологтармен кездесуге нәзік жандылардың өздері ниет еткен.

«Қазақстан зайырлы мемлекет болғанымен, 5 парызын түгендеп жүрген әйелдерге келгенде қоғам тарапынан кей-кейде қате пікірлер жиі айтылып жатады. Олардың басым көбі «әйел адам үйде отыруы тиіс, жұмыс істеуіне болмайды, қала берді түгел бүркеніп жүру керек» деген сыңайда. Бірақ, ата дініміз бен бүгінгі қоғам әйелдердің орнын әлдеқашан анықтап қойған»,– дейді бүгінгі семинарды өткізушілер.

Гүлжазира Ақназарова, Әнет Баба атындағы орталық мешіттің ұстазы:

– Ислам дінінде әйелдің орнын не жоғарылатпаған, не көтермеген, ол өз орнында, ортасында. Ол үйде тәрбиеші, ана, жар болса, қоғамда ол қызметші, жұмысшы, тіпті жеке кәсіпкер бола алады. Оған пайғамбар әйелдерінен, қазақ әйелдері арасынан мысалдар көп.

Алғашқы шақыртылған тренер Гүлнар Раздықова. Оның дін саласындағы әйелдер жамағатымен жұмыс істеу тәжірибесі мол. Дәстүрлі бағытты жақсы біледі. Тіпті өзге ағымға еніп, «Жусан» операциясы бойынша елге оралған қандастарымызбен тығыз жұмыс жүргізген.

Дулат Төлегенов, облыстық Конфессияаралық қатынастарды зерттеу және талдау орталығының басшысы:

– Біз сауалнама жасадық. Осыған дейін әйелдер арасында жиындар өткізгенбіз. Оған қызығушылық өте көп болды. Тіпті психологтарға жеке қабылдауға жазылғандар болды. Діни тұрғыдан, зайырлы тұрғыдан болсын сұрақтарға психологиялық ықпал қажет екенін байқадық.

Шараға мұрындық болып отырған Қарағанды облысының Дін істері басқармасы алдағы уақытта да жамағат арасында талдау жүргізіп, сұранысқа сай әйелдер арасында пайдалы болатын семинар-тренингтерді жүргізбек ниетте.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев