Қарағандыда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлер сапасыз болып шықты

Қарағанды облысының Шашубай кентінде бірнеше отбасы үйлі боламыз деп шаш етектен шығынға батқандарын айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үйге үш ай бұрын көшіп келген жұрт, жаңа баспананы өздері жөндеп, кем-кетігін түзеп алған. Енді жөндеуге жұмсалған ақшаны қайтарып беруді талап етіп отыр. Гүлзада Сұлтанәлиева 5 баласымен бірнеше жыл пәтер жалдап келген. Әйтеуір биыл кезегі келіп, үш бөлмелі жаңа баспанаға ие болады. Алайда құрылыс сапасын көріп, қуанышымыз су сепкендей басылды, – дейді көпбалалы ана. Айтуынша, үйге еден салынбаған. Қабырғалары сыз тартып, көгерген.

Гүлзада Сұлтанәлиева, Шашубай кентінің тұрғыны:

–Бәрін өтірік жасап кеткені белгілі болды. Балалар еденде жатпайды ғой. Қайта-қайта айта берген соң, үш бөлмеге жететін УСБ әкеліп берді мердігерлер. Ол үш комнатаға ғана жетті, қалғанын тағы сатып алдық. Одан кейін қосымша қара қағазы бар, стяжкасы бар, цемент сатып алдық. Соның бәрін жасағанда тағы 150 мың шығын шығып тұр. Ол қаржыға есік алдынан времянка салып алатын шамамыз бар еді ғой.

Көпбалалы аналардың алды 4 ай бұрын, ал кейінгілері мамырда қоныстанған. Содан бері 6 отбасы да жаңа үйдің кем-кетігін өз күштерімен жөндеп алыпты. Олардың ендігі талабы – жұмсаған ақшаларын қайтарып алу.

Марал Ахметова, Шашубай кентінің тұрғыны:

– Бұл үйге кеткен шығынды, қалтамыздан шыққан ақшаның бәрін есептеп, алты үй жазып қойдық. Соны әкімге апарып тастайық дегенбіз, әкім орнында болмай шықты.

Жергілікті әкімдік өкілдері құрылыс барысында кемшіліктің кеткенін мойындап отыр. Дегенмен үйдің үш жылдық кепілдік мерзімі бар екен. Сол бойынша мердігер жөндеп бермек. Сондай-ақ тұрғындардың шығындары да компания есебінен өндірілетін болады.

Абылай Базылұлы, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:

– УСБ болған жоқ деп айтып жатыр. Кейбір тұрғындар өз тарапынан жөндеу жұмыстарын жүргізді, сатушының тарапынан кеткен шығындарды біз орнына келтіріп беретін боламыз. Кейбір үйлердің от жағатын бөлмелерінен, пештерінен көптеген кемшілік орын алған. Ол сатушыға ескертілді. 1 шілдеге дейін ол кемшіліктердің орнын толтыратын болады.

Айта кету керек, бұл жалдамалы 6 үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған. Оның әрқайсына қазынадан 7 миллион 400 мың теңге жұмсалыпты.

Авторы: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев