Жануарларға жасалған қатігездікті жазалайтын заңды қатайту керек

Жануарларға қатыгездік жасау заңмен қудалануы тиіс. Алайда қазір мақұлықтарды ұрып соғатын адамдар тиісті жазадан оңай құтылып кетеді. Сондықтан жануарларды қорғаушылар заңға өзгеріс енгізу керек деп санайды.

Итті көліктің артына байлап, дедектеткен бұл бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғам нарызылығын тудырды. Көріністі алматылық Лада есімді әйел бейнеге түсіріп үлгірген еді. Артынша алдындағы көлікті тоқтатып, итті ажалдан арашалап қалғанын айтады. 

Лада Иванова, қала тұрғыны

- Көліктің артына байланған итті құтқармасақ ол өлікке айналар еді. Жіптен босатқанымызда жатқан жерінен тұра да алмай қалды. Аяқтарынан әл кетіп, үсті қанжоса болды. Жантүршігерлік көрініс.

Бірақ Лада итке аяусыздық танытқан адамға әкімшілік жаза қолданылатындығына күмәнмен қарайды. Ал жанашыр жандардың арқасында өлім аузынан аман қалған тазы қаладағы ветеринарлық клиникалардың біріне орналастырылды. Жағдайы жақсы. Аталған оқиғаға қатысты екі қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Жалпы жануарға қатысты қасақана әрекет жасау қылмыс саналады. ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабына сәйкес, бас бостандығынан айыру және шектеу көзделеді. Сот ұйғарым шығарған кезде жазаны ауырлататын немесе жеңілдететін мән-жайларды есепке алып шешім қабылдайды.

Сергей Снегирев, «Nur Otan» партиясы жанындағы республикалық экологиялық кеңес мүшесі:

- Қазіргі уақытта жан-жануарларды ұстау бойынша заң жобасы дайындалып жатыр. Жануарларды қорғаушылар заңда ит немесе мысық асыраушыларға қатысты жауапкершілікті күшейту керектігін айтады. Егер иесі жануарды қараусыз қалдырса, уақытында тамақтандырмаса, ұрып соғып, қасақана қаскүнемдік жасаса заң алдында жауап беруі керек.

Қазіргі уақытта бұл заң жобасы сараптамадан өтіп жатыр. Ол желтоқсан айында қабылдануы ықтимал. 

Алмас Садуақас, Анастасия Вылегжанина, Эдуард Кон

Сондай-ақ...