Қызылорда облысында ерікті жастар малшыларға көмекке келді

Қызылорда облысында малға шөп жинау жұмыстарына ерікті жастар да атсалысады.

Шаруа қожалықтары жиналған шөпті Арал мен Қазалы аудандарына қолжетімді бағамен ұсынуы тиіс. Жем-шөппен қамтамасыз ету жұмыстары мен егін барысын бақылау мақсатында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова шаруалармен кездесіп, осындай  бастама көтерді. Қуаншылықтан шығынсыз шығу үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырды. 

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылдық округіне қарасты «Мәді-Қажы» агросеріктестігіне барып, егін жағдайымен танысты. 250 жуық диқан 2840 гектар жерге дән сепкен. Оның 2 мыңдайы күрішке арналса, 740 гектарына жоңышқа егілген. Аймақ басшысы аудан әкімдері мен шаруа қожалығының төрағаларына шөптен тапшылық көрген малшыларға жан-жақты көмектесуді тапсырды.

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:

– Басқа жақтан алуға мүмкіндік болмайды. Өзімізде бар табиғат беріп тұрған шөпті жинап алмасақ болмайды. Сондықтан ұйымдастырып, субсидиясын беріп, Арал жаққа көмектесу керек.

Сейітқамал Сұлтанов, «Мәді қажы» ЖШС директоры:

– Аралға мыңның үстінде шөп-пресс апардық. 45 шақырымдағы Қызылорда қаласына 800-900 тг беретін болсақ, 450 шақырым жердегі Аралға да сол бағамен апарып бердік. Азаматтарды қосып, тиетіп, түсіріп бердік. Осы қаланың нарқы 70 теңгемен бір жүк көлігімен жем бердік.

Облыс бойынша мал өсіріп отырған шаруаларды шөппен қамтамасыз етуге ерікті жастар да көмек қолын созып жатыр. Сырдария ауданының «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері шалғы-орағын сайлап күріштік маңындағы атыздарды оруды бастап кетті.

Сұлтан Тәжімұрат, «Жасыл ел» жасағының мүшесі:

– Жазғы мезгілде ауданымыздың өркендеуіне, дамуына қол ұшын көрсетіп отырмыз. Енді жаңалықтардан, ғаламтордан естіп, Аралда қуаңшылық мәселесі орын алып жатыр. Соған байланысты, біз, жастар шөп орып, өз үлесімізді қосып жатырмыз.

Арал ауданының еріктілерінен құралған бригадаларға Қармақшы ауданы шаруа қожалықтарының шабындығынан тегін шөп орып алып кету мүмкіндігі беріліп отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхамбет Бәйділдаев