Қостанай облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыруға 1,5 млрд теңге бөлінді

Қостанай облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бюджеттен 1,5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Қазынадан бөлінген қаражат тұрақтандыру қорын әлеуметтік маңызы бар тағамдармен толықтырып, қажет болғанда тауарлық интервенция жасауға жұмсалады. Сондай-ақ облыс аумағында жыл басынан бері 147 жәрмеңке ұйымдастырылып, 900 тонна тауар саудаланған. Мамандардың айтуынша, қазір еліміздің оңтүстігінен тасымалданатын көкөністің көлемі артқан. Мысалы, мамыр айында небары 50 тонна картоп әкелінсе, қазір 200 тоннадан жоғары. Шілде айының соңына таман жергілікті бау-бақша өнімдері саудаға шығарыла бастайды. Ал тұрақтандыру қорынан алынған арзан азық әлеуметтік дүкендерде төмен бағамен сатылып жатыр.

Төлеутай Ержанов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Кешеден бастап ол дүкендерде картоптың құны 100 теңгеден, сәбіздің құны 115 теңгеден сатылып жатыр. Сосын өзіміздің фирмалық дүкендер бар. Онда да сондай баға: картоп 100-105, 159 теңгеден сатқандар бар. Сонымен бізде орташа алғанда картоп 195 теңгеге келіп жатыр облыс бойынша, сәбіз 245 теңгеге келіп отыр қазір.