Вакцинация паспорттары мен ПТР-тесттерді қолдан жасау бойынша 65 қылмыстық іс қозғалды

Тек бір тәулік ішінде Қазақстанда коронавирустық инфекцияға оң ПТР-талдауы бар 5648 науқас анықталды. Қабылданған шектеу шараларына қарамастан, бұл сан күн сайын өсіп келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы аурумен байланысты барлық қылмыстық көріністерге ерекше көңіл бөлінеді. Жалған ПТР-тестілері мен вакцинация паспорттарын қолдан жасау және пайдаланушыларды анықтау бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізілуде, өйткені вакцинацияланбаған азаматтар коронавирустың таралуына жағдай жасай жасап, басқаларға жұқтыру қаупін жоғарылатады.

Тергеу бөлімшелерінің өндірісінде ПТР-тестілерді қолдан жасау, дайындау немесе өткізу бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша 42 қылмыстық іс болды (ҚК 385-бабы 1-бөлігі-23, 2-бөлігі-3, 3-бөлігі-16), оның ішінде 39-ы биыл тіркелген. Вакцинация паспорттарын қолдан жасау фактілері бойынша биыл 23 қылмыстық іс тіркелді, тергеу жалғасуда.

Қолдан жасалған құжаттардың саны және әрбір іс бойынша заңға қайшы әрекеттерге қатысушылардың саны да әртүрлі. Бұлар тергеу нәтижелері бойынша нақтыланатын болады. Ішкі істер органдары жалған ПТР-анықтамалар мен вакцинация паспорттарын сату фактілерін анықтау бойынша түрлі жедел-іздестіру шараларын жүргізуде. Полиция қызметкерлері медициналық орталықтарды, емханаларды, вакцина алу пункттерін тексеруді жалғастыруда.

ІІМ жалған құжат жасағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу көзделгенін еске салады.

Ақпарат көзі: Қазақстан Республикасы ІІМ баспасөз қызметі