Қарауыл елді мекені суға жарымай отыр – ШҚО

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының орталығын таза сумен қамту мерзімі тағы да кейінге шегерілді. Бұған мемлекет қазынасынан бір жарым миллиардқа жуық қаражат қарастырылып, жұмыс былтыр жазда қолға алынған.

Жоспар бойынша жоба өткен жылдың күзінде аяқталуы тиіс еді. Бірақ бітетін түрі көрінбейді. Қарауыл жұрты әлі күнге ауыз суға жарымай отыр. Әкімдік тамыздың 1-іне дейін жаңа су құбыры толық іске қосылады деп сендірді.

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының орталығын таза сумен қамту мерзімі тағы да кейінге шегерілді. Бұған мемлекет қазынасынан бір жарым миллиардқа жуық қаражат қарастырылып, жұмыс былтыр жазда қолға алынған. Жоспар бойынша жоба өткен жылдың күзінде аяқталуы тиіс еді. Бірақ бітетін түрі көрінбейді. Қарауыл жұрты әлі күнге ауыз суға жарымай отыр. Әкімдік тамыздың 1-іне дейін жаңа су құбыры толық іске қосылады деп сендірді.

Мамай көшесіндегі көп қабатты үйдің тұрғындары ұзақ жылдардан бері көшедегі колонкадан су тасып жүр. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қаһарлы күндерінде бұл оңай шаруа емес.

Назерке Қабыкенова, көп қабатты үй тұрғыны:

- Басты мәселе бізде ауыз су. 8 жылдан бері тасимыз, колонка алыс. Күніне кір жумасақ, мөлшермен 6-7 шелек кетеді. Кір жуған күні одан да көп кетеді. 3 балам бар, күнделікті олардың кірлері бар. Телеграмға бүгін қосамыз деп жазды, бірақ әлі қосылған жоқ.

Әйгерім Серікбосынова, көп қабатты үй тұрғыны:

- Жоқ қоспады, бүгін жібереміз деген бірақ хабар жоқ әлі. Бірақ су бәрі кіріп дайын тұр, өз ақшамызға кіргізіп қойдық, бірақ су жоқ. Өтініш сол, су тезірек кірсе екен деп ойлаймыз.

Қарауылдық зейнеткер Мәми ақсақалдың жағдайы көп қабатты үйлердегілерге қарағанда жақсы. Ауласынан құдық қазып, электр сорғы орнатқан. Дегенмен, тіршілік нәрінің сапасы көңіл көншітпейді дейді зейнеткер. 

Мәми Ниязов, ауыл тұрғыны:

- Мынау тұздысы тұзды енді құдықтағымыз, осы маңайдағының бәрі тұз. Балалар Семейге барғанда Күшікбайдан әкеледі, анау бөтелкелермен, соны кемпір қайнатады. Онда ешқандай түз жоқ, шәугімнің ішінде. Қартайғанда біз енді тамақты да, суды да бәрін талғаймыз негізі. Талғап ішетін адамдармыз ғой, міне 80 жасқа келдім. Бір күн болса да таза су ішкен бізге жақсы.

Былтыр осы мәселені шешу үшін арнайы жоба жасалып, оны іске асыруға мемлекет қазынасынан бір миллиард 425 миллион теңге бөлінді. Жалпы ұзындығы 89 шақырым болатын жаңа су құбыры тартылып, 1400-ге жуық үй өткен күзде сапалы тіршілік көзіне қол жеткізеді деген жоспар болған. Алайда карантиндік шектеулер кедергі келтіріпті. Бұған дейінгі репортажымызда мердігерлер жобаны биыл мамыр айының соңында толық аяқтаймыз деп уәде берген. Алайда ол орындалмады. 

Серік Жұмағазин, мердігер мекеме өкілі:

- Жаңа саябақ салынғаны ретінде Саржалға шығаберіс жақта, ол жерде 60 жаңа үй салынады. Соларға кішкене қысымымыз аз болғаннан кейін мына жерде осындай камера өзіміз орнатқан. Насос принудительный дейді, ол насос Қазақстанда шықпайды, соның бәрін Ресейге тапсырыс бердік, таптық бәрін, ақшасы төленіп тұр. Тек ғана күтіп отырмыз, қазір насос келеді, бәрі дайын тұр, өздеріңіз көргендей. Насос келеді бірден, қосамыз бірден жібереміз. 

Сырым Рақымжанов, Абай аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі басшысы:

- Ол жоба мерзімі 31 мамыр болған, осы ағымдағы жылдың. Ол жаңа салынады деген перспективалық аудан өте, осы парктің айналасында сондағы үйлерге таза ауызсу беру мақсатында, біз оның мерзімін ұзарттық, ұзартуға мәжбүр болдық. Енді бұйыртса, осы шілде айының аяғы, тамыздың 1-іне қарай осы Қарауыл ауылын толық ауызсумен қамтимыз деген жоспар бар.

Осылайша сапалы ауызсумен қамту мерзімі бір емес бірнеше рет кейінге шегерілді. Ал Қарауыл тұрғындары тезірек сапалы тіршілік нәріне қол жеткізуді аңсап отыр.

Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы