Ақмола облысында биыл егіннің өнімділігі едәуір төмен болады

Ақмола облысында биыл егіннің өнімділігі жылдағыдан едәуір төмен болады. Сала мамандары осындай болжам жасап отыр. Себебі жауын жауған жоқ. Сондықтан егістік алқаптары қазір ала-құла. Құрғақшылық одан әрі қыспаққа ала беретін болса, жағдайымыз қиын болмақ дейді диқандар. 

Жақсы ауданының аумағында 5 мың гектар жерге бидай сепкен тәжірибелі агроном Нұрлан Төлегенов бұл алқаптарымыздың арасындағы ең тәуірі дейді. Бірақ соның өзінде осы жерден биыл жарытып өнім ала алмайтын секілді. Өйткені егіннің шығымы толық емес, сабағы қысқа. Жаз бойы жаңбыр көрмеген жер қазір қурап тұр. Ал мұның барлығы өнімділікке тікелей әсер етеді. 

Нұрлан Төлегенов, серіктестік басшысы:

- 15 центнер ғой енді сол біздің алып жүрген жылдағы неміз. Биыл енді соның жартысына түсіп қалдық енді мынау құрғақшылықтың әсерінен. Сапасы қандай болатыны білмеймін енді. Өзіміз ойлаймыз, күн ыстық болса сапасы көтеріледі деп айтады ғой енді. Мүмкін сапасы жақсы болуы мүмкін.

«Дегенмен, жауын-шашын да керек» дейді диқандар. Ылғал дәннің толуына сеп болмақ.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Алайда аймақта бұдан да қиын жерлер бар. Мәселен, Зеренді ауданындағы мына алқаптың біраз жері шықпай қалған. Ал оның өнімділігі қандай болатыны айтпаса да түсінікті.

Ондай алқаптар көп емес, дейді жауапты басқарма өкілдері. Айтуларынша, өткен аптада жауған жауын жағдайды біршама жақсартқан. Дегенмен, өнімділік жылдағыдан біраз төмен болады.

Еркеш Әленов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Жаман уже күйіп кеткен немесе шықпай қалған жерлер 6 процент құрайды. Ол 250 мың гектардай жер. Қазіргі кезде 1 жарым млн гектар егініміз жақсы жағдайда. 2 жарым млн гектары қанағаттанарлық жағдайда. Биыл енді Алла жазса, бір 4 млн бар. Әрі кетсе 4 жарым млн жинаймыз деген жоспарымыз бар әлі.

Ал аймақ диқандары жылда 5 млн тоннадан астам астық жинайтын. Айта кету керек, биылғы құрғақшылық егінді өзгелерден көптеу себетін Жарқайың, Жақсы, Есіл және Атбасар секілді өңірдің оңтүстік аудандарына қатты әсер етті. 

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко