Ақмола облысында қызметтік иттер 200 қылмысты ашқан    

Биыл Ақмола облысында қызметтік иттер 200-ге жуық қылмыстың ашылуына сеп болған.

Жартысынан көбі ұрлық болса, қалғаны есірткі тасымалы мен басқа да заңбұзушылықтарға қатысты істер. Полицейлердің төрт аяқты көмекшілері есірткімен қатар жарылғыш заттарды табуға, сондай-ақ жоғалған адамдар мен қылмыскерді іздестіруге атсалысады.

Есіл аудандық полиция бөлімінің қызметкері Артем Караваев, 3 жасар қызметтік иті «Граф» екеуі жақында Алматыдан оралды. Олар Ішкі істер министрлігінің кинология орталығында 3 айлық курстан өтіп, біліктіліктерін арттырып келді. Адам іздестіруге дағдыланған иісшіл ит, оқу-жаттығудан келе сала жақсы нәтиже көрсеткен.

Артем Караваев, Есіл аудандық ПБ қызметкері:

– 17 шілде күні біз саяжай аумағында біреудің темір қақпасын қолды қылған ұрыны іздеуге шықтық. Міне, сол кезде «Граф» аулаға кірген бөгде адамның ізімен жүріп отырып, қақпаның қайда жасырылғанын тапты. Кейіннен ұры да ұсталды. Сөйтіп, бұл қылмыс жедел ашылды.

Жалпы, облыс бойынша 52 қызметтік  ит бар. Олардың біразы аудандарда қызмет етсе, жартысынан астамы облыс орталығындағы полицейлердің сенімді серігі. Жаңадан сапқа қосылған төрт аяқты көмекшілер де алдымен осы жерде жан-жақты үйретіледі.

Дамир Шындәулетов, Зеренді аудандық ПБ қызметкері:

– Қазір мен жаңа ит алып, осында 10 күндік оқу курсынан өтуге келдім. Ал бұған дейін «Зита» есімді қызметтік итпен жұмыс істедім. Ол бізге 7 жыл қолқанат болды. Енді мына «Баронды» да солай өзіме үйретіп жатырмын.

Қызметтік иттер мұнда күніне 4 сағаттан жаттығады. Әрқайсысы өзінің бағытына қарай түрлі әдіс-тәсілдермен шыңдалады. Физикалық жүктемеден бөлек, тамақ та құнарлы болу керек, - дейді, мұндағылар. Сондықтан, әр итке күніне 200 граммнан ет пен сағат сайын су беріледі. Ал күтімі жақсы болып, денсаулығы сыр бермесе, бұл салада 10 жылға дейін қызмет етеді. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко