Сарыбел тұрғындары жаңа ауыз су құбырының салынуын 50 жылдан бері күтіп жүр

Сарыбел ауылының тұрғындары жаңа ауыз су құбырының салынуын жарты ғасырдан бері күтіп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысының Панфилов ауданына қарасты елді мекеннің кейбір көшелерінде мүлдем су жоқ. Сол себепті арбасын сүйреткен тұрғындар көше кезіп, тіршілік нәрін іздеуге мәжбүр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Сарыбелдік Айша Үсенованың үйі ауылдың шетінде орналасқан. Ол бірінші топтағы мүгедек ұлымен бірге тұрады. Ал оған күтім керек...

Айша Үсенова, Сарыбел ауылының тұрғыны:

- I топтағы мүгедек бала бағып отырмын. Мен мысалы қазір үйімді жасап жатырмын, бұл балаға дәретхана керек, ванна керек, бәрі керек. Қазір өзімнің күшіммен жасадым. Қазір су жоқ. Қай көшеде су бар, сол жерге барамыз. Қыста сусыз қалған күнім болды.

Сарыбелдегі ауызсу құбыры өткен ғасырдың жетпісінші жылдары тартылыпты. Ол әбден ескіріп-тозды. Қазір көшедегі құдықтар мынадай шалсық су жиналатын орынға айналған.

Райманат Малжанқұлов, Сарыбел ауылының тұрғыны:

- 10 жылдан асып кетті ауыз суға жарымай отырмыз. Таудың басында қараусыз, иесіз қалған ауылдың біріміз. Істеп жатқан ешқандай жұмыс жоқ. Бізге салынып берілген су құбыры мына 1970 жылы колхоз салып берген. Сол кезде су да, барлығы болған. Әзір жоқ.. Бұл жөндеуге бөлінген ақша қай жаққа кетіп жатыр? Ол турасында біз ешқандай хабардар емеспіз халық. Айта-айта шаршадық.

Мейрамхан Махаметова, Сарыбел ауылының тұрғыны:

- Мысалы біз отбасымызда кемпір-шал екеуміз тұрамыз. Шалым 90-да, өзім 76-дамын. Өзім екінші топтағы мүгедекпін. Қыстай малға беретін су жоқ, сол анау сіздер кірген көшеден барып тасыдық ақсақтап, таяғымызды сүйреп жүріп. Кәне әлгі Үкіметтің «ауыл шаруашылығын өркендетеміз, ауылдың мәдениетін көтереміз, ауыл халқына жағдай жасаймыз» дегендегі жағдайлары осы ма жасаған?!

Ауыл әкімінің айтуынша, бұл елді мекендегі үйлердің тең жартысына ауыз су үздіксіз беріліп отыр. Қалған көшелерге бір-бірден құдық орнатылған.

Мерей Дулатов, Сарыбел ауылдық округінің әкімі:

- Судың өте үлкен проблемасы бар. ЖКХ бөлімінен бастығы келіп, 2-3 рет бағанағындай мамандарын алып келіп, каптаждан бастап разведка жасап кетті. Екі жыл бұрын өтінім берілді. Енді биыл смета жасауға құжаттарын дайындап, 22 миллион теңге ақша керек екенін сұрап қойдық. Енді осы 6 айлықта болмаса, келесі жылға қаражат бөлінсе, құжат жасалса, алдағы уақытта су болады деп ойлаймыз.

Сарыбелдіктер жаңа ауызсу құбырымен қоса, мектепті күрделі жөндеуден өткізу, жолдарды жасау, көшелерді жарықтандыру сияқты жұмыстардың басталуын да асыға күтіп жүр. Панфилов ауданындағы 41 елді мекеннің тең жартысында ауызсу проблемасын шешу – ең өзекті мәселенің бірі болып тұр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Гүлнар Жантасова, Қуаныш Түргенбаев