423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қырғызстанға қазақстандық «QazVac» вакцинасының 25 мың дозасы жеткізілді

  • 145
  • UPD: 16:20, 28.07.2021
Қырғызстанға қазақстандық «QazVac» вакцинасының 25 мың дозасы жеткізілді

Бүгін Қырғызстанға COVID-19 пандемиясымен күрестегі ынтымақтастық шеңберінде Қазақстаннан «QazVac» инактивтендірілген вакцинасының 25 000 дозасы көлемінде ізгілік көмек жеткізілді.

Оны Бішкекте тапсыру рәсімі Қырғызстан денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев, Қазақстан елшісі Рәпіл Жошыбаев пен медициналық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтті. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Министр А.Бейшеналиев елде коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуына қарсы іс-қимылда маңызды қолдау көрсеткені үшін Қазақстан тарапына шынайы ризашылығын білдірді.

Оның айтуынша, қазақстандық вакцина халықты вакциналау пункттеріне жедел таратылады және азаматтардың коронавирусты жұқтыру қаупін азайту бойынша республиканың медициналық жүйесінің мүмкіндіктерін нығайтады.

Өз кезегінде Р.Жошыбаев вакцинаны жеткізуді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен келіссөздерінің нәтижелері бойынша берген тапсырмасына сәйкес Қазақстан Үкіметі ұйымдастырғанын атап өтті.

«Қырғызстан біздің достарымыз бен халықаралық серіктестеріміздің арасында бірінші болып коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина алады, бұл елдеріміз арасындағы достық пен тату көршілестік қатынастарын тағы да растайды», – деп атап өтті елші.

Ол сондай-ақ Қазақстанның ізгілік көмегі көптеген адам өмірін құтқаруға және Қырғызстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға көмектесетініне сенім білдірді.

«QazVac»-ты Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты өндіріп шығарған және 2021 жылдың басынан бері ол ресейлік және қытайлық мамандар әзірлеген препараттармен қатар қазақстандықтарды вакциналау үшін кеңінен қолданылады. Қазақстанда клиникалық сынақтар мен оны кеңінен қолдану тәжірибесі «QazVac» вакцинасының қауіпсіздігін және оның коронавирустық инфекция мен оның ауыр түрлерін жұқтырудың алдын алуда жоғары тиімділігін (90%-тен астам) көрсетті. «QazVac»-пен вакциналау 18 жастан асқан адамдарға ұсынылады және бұлшықет ішіне екі кезеңде жүргізіледі, олардың арасындағы ұсынылатын аралық 21 күнді құрайды. Бұдан бұрын хабарланғандай, салалық органдар отандық вакцинаға келісім алу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен жұмыс жүргізіп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы