Ақтөбе: Дәстүрлі түрде оқыту мәселесі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ

Ақтөбелік мектептер жаңа оқу жылына дайындықты бастады.

Білім ордасында балаларды қауіпті індеттен қорғау жолдары пысықталуда. Алдымен мұғалімдер вакцина салдырып жатыр. Ал оқушыларды дәстүрлі түрде оқыту мәселесі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ.

Шынар Амангелдіқызы баласының үйде емес, мектепте оқығанын қалайтын аналардың бірі. Себебі онлайн оқыған 4 сыныптағы қызының сапалы білім алғанына күмәнді. Сондықтан алдағы оқу жылы дәстүрлі түрде өтсе екен дейді. Қазір баласына оқулық алуға келіпті. 

Шынар Амангелдіқызы, қала тұрғыны:

– Баланың мұғалімнің алдына келіп білім алғанын қалаймыз. Тақтаға, мектепке, партаға отырғанының өзі оқушыға үлкен сабақ деп ойлаймын. Сондықтан осы оқу жылында мектепте, дәстүрлі форматта оқимыз деп үміттенеміз.

Бұл мектепте бала саны көп. Алдағы оқу жылында 1600-ге жуық бала оқиды. Сондықтан ұжым дайындық жұмыстарына кірісіп, қыркүйектен бастап санитарлық талапқа баса мән беруді ойластырып жатыр. Індеттің қауіпі  мен сақтану жолдары мектепке кіре берістен-ақ айтылатын болады. Ал сабақ беретін 100-ден аса мұғалім мен кіші қызметкерлер де вирусқа қарсы екпе алып болған.

Ал әр сыныпта дене қызуын өлшейтін құрал мен антисептик қойылған. Бөлмеде 25 баладан артық оқушы болмауы тиіс. Әрі сабақтар арасындағы үзіліс әр топқа әр түрлі уақытта берілмек.

Айсұлу Жақсыбаева, №8 орта мектептің директоры:

Бір жолмен кіреді де, шыққанда өзінің бір жолымен шығады. Неге десеңіз, әр сыныпқа әр кабинет бөлек бөлінген. Кесте сабағы да әр сыныпқа жеке бөлінген. Қоңырау кестесі де. Сол ережемен, сол бағытпен біз қазір балаларды күтіп, дайындық жұмыстарын өткізіп жатырмыз. Оқушылар өткен жылы да бастауыш бөлік, орта бөлік, жоғарғы сыныптар бөлек-бөлек өзінің кіретін бөлімдерінен кірді. Биылда сондай талап болса, онда сол талапты бізде орындаймыз.

Алдағы оқу жылының дәстүрлі түрде жүретіні немесе онлайн өтетіні эпидемиологиялық жағдай мен санитарлық дәрігерлердің шешіміне орай белгілі болмақ. Бірақ оқушылардың мектепке келуінен үміттеніп отырған оқытушылар қауымы қызу дайындыққа кіріскен. Білім басқармасы да оқу орындарындағы әзірлікті бақылап, олардың дезинфекциялық-санитарлық құрал жабдықтармен қамтылуын назарға алған.

Гүлназ Сүлейменова, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

Антисептик қажет толығымен. Сосын кілемшелер алынуы керек міндетті түрде. Маскалар алынуы керек. Соның барлығына қаражат бөлу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда екі ауданнан сұраныс берілді. Қалғандары «бізде бар» деп отыр.

Жаңа оқу жылының басталуына бір айдай уақыт қалды. Биыл облыстағы мектептерде 167 мыңға жуық оқушы білім алмақ. Қазір балаларға оқулықтар беріліп жатыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев