Қызылордада жылу ақысы арзандайды

Қызылордалықтар биыл жылу ақысын төмен бағамен төлейді.

Өйткені табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті мамандары жылумен жабдықтаушы мекеменің 203 миллион теңгеден астам негізсіз кірісін анықтаған.

«Қызылорда жылу электр орталығы» кәсіпорны бұл соманы тұтынушыларға уақытша өтем тарифін енгізу әдісімен қайтарады. 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін жылу бағасы 8,3 процентке төмендейді. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан 31 тамызға дейін 7 процентке арзандайды. 

Гүлмира Өтегенова, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің басшысы:

– Мысалы, биыл 1 қыркүйектен бастап есептеу құрылғылары жоқ тұтынушылар үшін төлем бір шаршы метр үшін 91,37 теңгеден 83,80 теңгеге дейін төмендейді. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 қыркүйекке дейін жылу төлемі бір шаршы метр үшін 95 теңгеден 88,3 теңгеге дейін төмендейді.