Павлодар тұрғыны лонгбордпен Ауғанстанға дейін жетпек

Отыз жастағы Павлодар тұрғыны 1500 шақырымды лонгбордпен екі аптада жүріп өтті. Ришат Шайхитдинов ерекше сапарының мақсаты мен қиындығы туралы айтып берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төрт дөңгелекті тақтайшаның скейтбордтан айырмашылығы – ұзындығында. 

Лонгбордты тізгіндеген павлодарлық Ришат Шайхитдинов Алматыға 16 күнде жеткен. Саяхатты өміріне серік еткен азаматтың бұл сапары қиындық тудырмапты. Өйткені ол осыған дейін бірнеше елді автостоппен, яғни жолай кезіккен көліктерге мініп, аралап қайтқан. Жаяу немесе көлікпен сапар шегудің жаңалық еместігін ескерген Ришат өзгеше көлік құралы ретінде лонгбордты таңдапты.

Ришат Шайхитдинов, жиһангер:

– Біздің елде лонгбордқа сұраныс аз. Сондықтан мен Павлодардағы ең қымбатын 35 мың теңгеге сатып алдым. Мен сапарға қандай заттардың қажет екенін жақсы білемін, сондықтан жылы киім, су мен жемістерді ғана алдым.

Бір қаладан екінші қалаға төрт деңгелекті тақтайшамен бару ақылға қонымсыз болып көрінгенмен, Ришат үшін өмір салтына айналған. Таңғы бестен жолға шығып, жарты күнде 100 шақырымды бағындырып отырыпты. Кешке қарай қонақ үй тауып, түнеген. Алайда жоспар ойдағыдай бола бермейді, - дейді жиһангер.

Ришат Шайхитдинов, жиһангер:

– Жолсыз жерлерде жаяу жүруге тура келді. Жаяу жүріс баяу әрі тез шаршайсың. Сондай күндері межелеген жерге жете алмай далада түнедім немесе түнімен жол жүрдім.

Ришаттың сапары халық назарынан тыс қалмады. Сапарға шыққан жиһангерді әр өңірдегі әлеуметтік желі оқырмандары күтіп алып, қонақ еткен. Қазақтың дархан көңіліне риза болған саяхатшы сапарын жалғастырмақ. Лонгбордпен Қырғызстан, Өзбекстан арқылы Ауғанстанға дейін жетуді мақсат етіп отыр. Алайда пандемия мақсатыма кедергі келтіріп тұр, – дейді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов