COVID-19 жұқтырғандарға жәрдемақы мөлшері ұлғайтылуы мүмкін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов аталған мәселені сараптамалық топ қарап жатқанын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол сондай-ақ симптомсыз науқастардың үйде қашықтан жұмыс істей беруіне рұқсат екенін ескертті. Яғни олардың еңбекақысы келісімшартқа сай төленетін болады.

Ақмәди Сарбасов, ҚР ЕХӘҚ бірінші вице-министрі:

– Бүгінгі таңда уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақының талаптары бар. Яғни ол қызметкер кірісінің орташа мөлшерінен есептеледі, бірақ 15 айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Егер адам ауырып қалса, оған 43 мың теңге төленуі мүмкін. Бұл өлшем қызметкердің орташа табысына сәйкес келмейтіні түсінікті. Бірақ бұл мәселе әлі де қарастырылады.