Павлодарлық дәрігерлер өкпесі толық зақымданған науқастың өмірі үшін бір ай бойы күрескен

Өткен тәулікте Павлодар облысы бойынша қауіпті індетке шалдыққандар саны үш жүзден асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Медициналық мекемелер күрделі режимде жұмыс істеп жатыр. Дәрігерлер коронавирус жұқтырған жүкті әйелдер мен балалардың көбейгеніне алаңдаулы.

Соңғы тәуліктерде жедел жәрдем қызметіне түскен шақыртулар саны екі жарым есе артқан. Қауіпті індеттің белгілері жүкті әйелдер мен балалар арасынан да табылып жатыр. Ауру жұқтырғандар арасында жастар да бар.

Ирина Мищенко, облыстық жедел жәрдем және медициналық көмек станциясы басшысының орынбасары:

– Коронавирус инфекциясы жас адамдарға өте қатты тиіп жатыр. Яғни сатурациясы төмен және демікпемен келетіндер көп. Бұл әсіресе созылмалы ауруы бар адамдарда байқалады. Мұндай науқастардың дені жансақтау бөліміне түседі.

Бұл кардиологиялық орталыққа қарайтын жұқпалы аурулар госпиталінің жансақтау бөлімшесі. Мұндағы науқастардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Әлихан Әбдірахмановтың осында жұмыс істегеніне бір жылдан асқан. Медицина колледжінің студенті пандемия басталған сәттен бері жағдайы ауыр науқастарға күтім жасап келеді. 

Әлихан Әбдірахманов, студент:

– Мені мұнда ешкім шақырған жоқ. Өз еркіммен келдім. Істеп жүргеніме бір жыл болды. Менің ойымша әрбір дәрігер осындай қазір қиын-қыстау кезде коронавируспен күресуі керек. Өйткені барлық дәрігер Гиппократқа ант берген.

Дәрігерлер аурудан айыққан әрбір адам үшін қуанады. Өкпесі толық зақымданған науқастың өмірі үшін олар бір ай бойы күрескен.

Зияда Сембаева, жансақтау бөлімшесінің медбикесі:

– Бізге әрбір науқастың өмірі қымбат. Егер ауруды жеңіп шықса ұжым болып бірге қуанамыз. Науқас та қуанады. Өйткені ол бізге көмектесті.

Жауапкершілік арқалаған дәрігерлер науқастарды бір сәтке де қараусыз қалдырмайды. Өйткені кез келген сәтте олардың жағдайлары нашарлап кетуі мүмкін. 

Зәуре Рахымжанова, бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– Мәселен, 30 процент науқастың үш-төртеуінің денсаулығы нашарлап кетеді. Олардың бір-екеуін міндетті түрде жансақтау бөліміне жатқызу керек болады. Сондықтан ауруы жеңілдей бастаған науқастарды амбулаторлық емдеуге ауыстыруға тырысамыз.

Зейнеткер Галина Борисованың қуанышында шек жоқ. Ол үйіне шығуға дайындалып жатыр. Медицина қызметкерлеріне алғысын айта отырып, денсаулыққа немқұрайды қарамауға шақырады. 

Галина Борисова, қала тұрғыны:

– Барып вакцина салдырыңыздар. Менің бар айтарым осы. Егер мына жерге түскіміз келмейді десеңдер, онда аурудан қорғану жағын ойлағандарыңыз абзал.

Жалпы, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақталған жоқ. Тек соңғы тәулікте 311 адамның коронавирусқа шалдыққаны белгілі болды. Қауіпті індетті 30 және 60 жас аралығындағы адамдар жұқтырып жатыр. 

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков