Елорданың Көктал-2 ауданындағы көпқабатты үйдің тұрғындары саябақ сұрап отыр

Алайда жергілікті әкімдік әу баста берген уәдесінен айнып, бос аумаққа екі көпқабатты тұрғын үй салуға рұқсат берген, дейді наразы топ. Бұл жерде автономдық жылу қазандығы болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ былтыр тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылғандықтан, мұржалы қондырғыны алып тастаған. Босаған аумақта жаңа саябақ пайда болуы керек еді. Алайда тақауда құрылысшылар келіп, іргедегі 30 жылдық талдарды түбінен кесе бастағанда әкімдіктің бастапқыда берген уәдесі құрғақ сөз күйінде қалғанын түсіндік дейді ашынғандар.

Талғат Сүлейменов, қала тұрғыны:

– 8 қатар қарағаш өсіп тұр. Енді осының бәрін алып тастайды қазір. Табиғатқа қандай зиян келеді. Осы үйде 2013 жылдан бері тұрамын. Бәлен жыл күттік. Оны да көрдік. Енді бітіп тұрып жатырмыз. Мына жерде ойын-сауық орталығы болу керек.

Халима Бектасова, қала тұрғыны:

– Осы тұрғын үйде 350 пәтер бар. Мына үй де салынайын деп жатыр. Артымызда 3 мұнара үй бар. 400-ден 1600. Барлығы 2 мыңнан аса пәтер бар. Одан орта есеппен есептегенде 2 баладан дейік, 4 мың бала шығады. Сол балаларға 44/1 алдында кішкентай алаң бар. Арғы жер үйден де келеді. Кешке жақын жүретін жер жоқ.

Сонымен, автономдық қазандық болған аумақта саябақ болады деп әкімдік уәде берді ме?

Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Берік Төлебековтің айтуынша, балалардың аз да болса ойнайтын жері бар. Өйткені 2018 жылы тұрғын үй кешенінің аумағы абаттандырылған болатын. Сол кезде шағын архитектуралық формалар қойылып, футбол және жаттығу алаңдары пайдалануға берілді.

Берік Төлебеков, Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары:

– Ол аумақ елорда құрылыс компаниясына қалалық әкімдіктің қаулысымен берілген. Оң жағымызда «7 жол» тұрғын үй кешені салынып бітуде. Үлескерлердің қаншама жыл күткен үйі – бұл. Сондықтан биыл тамыз аяғына дейін тапсыру жоспарлануда. Сол үлескерлерге ақша қайту керек. Сондықтан қала әкімдігімен елорда құрылыс компаниясына «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша осы донор учаскелер бөлінген болатын.

Жаңадан салынатын көрші үйдің аумағында да кейін егде жастағыларға арналған демалыс орны мен 500 көлікке шақталған жерасты автотұрағы болады. Бұл аулада көлік кептелісінің алдын алады дейді әкімдік өкілі. Ал кесілген талдарды не істейміз?

Үлкен қалаларда халық саны көбейген сайын урбанистикалық мәселелер де өзектілене түсетіні белгілі. Бұл жөнінде урбанистер не дейді?

Диас Маратұлы, урбанист:

– Жалпы 10-нан бастап 16 қабатқа дейінгі тұрғын үйлердің ара қашықтығы шамамен 24 метр болуы керек. Бірақ нарық заманында бұл норма сақтала бермейді. Мәселен, Алматы қаласында жаңа талапқа сай, әр тұрғынның жүріп-тұруына арналған 10 шаршы метр кеңістігі болуы қажет. Оның ішіне көлік тұрағы, балалар алаңы мен тынығу орындары кіреді. Әдетте біз таршылықты ғана қолайсыздыққа жатқызамыз. Бірақ менің ойымша, тұрғын үй кешендері аумағының тым кең болуы да жайлылыққа кепіл бола алмайды. Ауданның инфрақұрылымы әу бастан кешенді түрде жоспарлануы керек. Және жоспарды орта жолдан өзгерте беруге болмайды.

Осылайша, құрылыс жұмыстары тоқтатылмаса, көкталдықтардың ауыр техника шуына тағы 2 жыл шыдауынан басқа амалы қалмайды. Ал жаңа саябақ көпқабатты нысан салынып біткеннен кейін ғана соның ауласында пайда болады. 

Мирлан Алтынбек, Гүлнар Ерманова, Аят Дүйсембаев, Ерзат Заитхан