Ақтөбеде оқушыларды кітаппен қамтуға 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалмақ

Ақтөбелік мектеп мұғалімдері жаңа оқу жылына қызу дайындалып жатыр. Қыркүйектен бастап өңірдегі білім ұяларында 160 мыңнан астам бала оқиды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың қауіпсіздігі үшін әрбір оқу бөлмесіне залалсыздандыру құралдары қойылады. Ал әр оқушыны қажетті кітаппен қамту үшін қазынадан 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалмақ.  

Бұл залалсыздандыру шамдары сабақтар арасындағы үзіліс кезінде қолданылады. №30 орта мектеп ұжымы бұдан өзге де дезинфекциялық құралдарды жеткілікті мөлшерде алған. Тіпті оқушылар үшін қауіпті індеттен сақтану жолдары жазылған нұсқамалар да дайын. Ал білім ұясындағы 81 педагог пен 25 кіші техникалық қызметкердің барлығы екпе салдырған. 

Жанар Терекова, №30 орта мектебінің директоры:

– Педагогтар қауымы өздері зиялы өкіл болғандықтан, қоғамдағы болып жатқан жағдайдың барлығын жақсы түсінеді. Өз отбасыларының, өздерінің денсаулығы үшін, білім алушылардың денсаулығы үшін өз еріктерімен екпе салдырып, қазіргі таңда оқу жылына барлығы дайын және біз мектепке «Ашық» қосымшасын енгіздік. Ол ата-аналар мен мектеп қызметкерлеріне ғана арналған. Сол «Ашық» қосымшасы арқылы кіргізіледі мектепке.

Облыс мектептерінде еңбек ететін 18 800-ден астам мұғалімнің тек 50-інде ғана екпеге медициналық қарсы көрсетілімдері бар. Қалғандарының барлығы наурыздан бері вакцинаның екі компонентін де алып болған. Соған қарамастан оқу жылы жақындаған сайын білім ұяларында дертке қарсы қауіпсіздік шараларын күшейту жүріп жатыр. Белгіленген талапқа сай дезинфекциялық құралдар, антисептик және бетпердемен қамтылуда. Білім басқармасы енді оқулықтармен қамту мәселесі де таяу күндері толық шешіледі деп уәде берді.

Райхан Нұрхожаева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

– 1 сынып оқулықтары 25 тамызға дейін толығымен таратылып болады. Ал 2 мен 11 сынып оқулықтары бала санының өсуіне байланысты қайта басылып шықты. Қалаға жеткізілді. Толығымен таратылып болды. Биыл оқулыққа 1 млрд 700 мың теңгедей қаражат жұмсалды.

Алдағы оқу жылында облыс мектептерінде 160 мыңнан астам бала оқиды. Бірінші сыныпқа баратын оқушыларға «Әліппе» салтанатты түрде табыс етілмек. Ал ата-аналар үшін білім ұясына кіру тек «Ашық» қосымшасы арқылы жүреді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов