Елорда тұрғындары ауланы абаттандыру жобасын өздері таңдай алады

Елордада «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аула аумақтарын абаттандыруда барлық заманауи стандарттар ескерілген. Қолданылатын материалдар сертификатталған дейді мамандар. Биыл бағдарламаға 214 миллион теңге бөлінген.

Елордалықтардың ұсынған жобасын арнайы сарапшылар қарайды. Кейін жергілікті тұрғындар арасында сайлау өтеді. Соның қорытындысы бойынша үздіктер келесі есепті кезеңге өтеді.

Данияр Қожахметов, абаттандыру бөлімі басшысының қ.а:

- Бұл жоба 2019 жылы осы Сарыарқа ауданында басталды. Үш жыл бойы осы абаттандыру бойынша жұмысты атқарып жатырмыз. 2019 жылы біз 8 ауланы абаттандырдық, 2020 жылы 13 ауланы, биыл біз он ауланы абаттандырып жатырмыз. Оның бесеуін бітірдік, бесеуіне жұмыстар жүріп жатыр.

Сарыарқа ауданының тұрғындары ақпан айында балаларға арналған ойын алаңың абаттандыруға өтініш білдірген. Әкімдік оны қарастырып, сызбаларды бекітті. Кейін бір жарым ай ішінде заманауи алаң салып берді. Аталмыш бағдарлама халықтың нақты қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді дейді тұрғындар. Ал жалпы бір заманауи алаңқайға бюджеттен шамамен 20 миллион теңге қаржы бөлінеді.

Оксана Сомик, тұрғын:

- Біздің аула өте нашар жағдайда болды. Ал қазір заманауи аулаға айналды. Жобаға қатысу үшін екі үйдің тұрғындары чат арқылы ортақ жиналыс өткіздік. Сол жерде өзіміз шештік. Біздің аулаға не істеу қажет? Қандай нәрселерді өзгерткіміз келеді. Үш жобаны ұсындық. Соның ішінен тұрғындар өздері сайлау арқылы осы жобаны таңдап алды. Осы бюджетке қатысу жобасы біздің акиматтың сайтында шыққаннан кейін ұсынысымызды тапсырдық.

Бағдарламаға ауданда тіркелген кез келген азамат қатыса алады. Тек жобаның егжей-тегжейлі сипаттамасы, фотосуреттері немесе сызбалары болуға тиіс. Сондай-ақ құны шамамен есептеліп, электрондық файлда жазылуы керек.

Әнел Еділқызы, Асхат Серікұлы