«Ештеңе жарылмайды деп сендірді»: ТЖ министрі құтқарушының сұхбатына пікір білдірді

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жарылыс кезінде зардап шеккен Алмаз Тұрсыновтың сұхбатына пікір білдірді. Бұған дейін ол өрт сөндіру кезінде әскери полковник құтқарушыларға оқ-дәрілер жарылмайтынын айтқанын мәлімдеген болатын, – деп хабарлайды Хабар 24 Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

Юрий Ильиннің айтуынша, төтенше жағдай кезінде әскерилер қоймада тротил шашкалары сақталғанын растаған.

«Қазір өрт, адам өлімі бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Тротил шашкалары сақталған қоймада өрт болғаны расталды. Барлық нұсқау бойынша, соның ішінде Қорғаныс министрлігінің де, олар детонаторсыз сақталған және жарылыс қаупі болмаған. Детонаторларға не болғанын тергеу органдары анықтайды. Ал қол астындағы адамдар қашып кетті дегенге айтарым, зардап шеккендер арасында Қорғаныс министрлігінің де, Төтенше жағдайлар министрлігінің де қызметкерлері бар, әркім өз міндетін өз орнында орындады», – деді Юрий Ильин.

Cондай-ақ, Юрий Ильин жарылыс кезінде оқ-дәрілер қоймасында 18 дана өрт-құтқару техникасы мен жабдығы жойылғанын атап өтті. Шығын есептеліп жатыр.

Еске сала кетейік, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Соңғы дерек бойынша, сол жарылыстардың салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 14 адамға жетті.

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Бұған дейін жарылыста қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жариялаған болатынбыз.

Әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды.

Ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.